Құрметке лайық ұстаз

14-наурыз күні ҚазХҚӘТУ ректоры, академик  С.С. Құнанбаеваның қолдауымен,  Қазақ филологиясы кафедрасы Мемлекеттік тілді дамыту орталығының  ұйымдастыруымен А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай және белгілі ұстаз, әдіскер-ғалым Ғ.Ж.Тұңғатованың 60 жылдық мерейтойына арналған «Тілді оқытудың заманауи әдістері» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Ғалия Жолдыбайқызы Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ-де білім алып, осы университетте мемлекеттік тілді дамыту бағытында 40 жыл бойы еңбек еткен тұлғалы ұстаз. Осы еңбегін ескерген ректордың арнайы құрмет грамотасын университетіміздің Ғылыми және инновациялық  істері жөніндегі проректоры, э.ғ.д., профессор М. У. Успанова табыстады. Сонымен қатар ұстаздың университетке сіңірген еңбегі мен елеулі үлесі жайында әсерлі баяндап берді.

Тынымсыз адал еңбек иесі, дарынды ұстаз Ғалия Жолдыбайқызының құрметіне арналған дөңгелек үстел жүрекжарды тілектер мен ыстық лебіздерге толассыз болды. Ұстаздың әріптесі  ф.ғ.д., профессор Ж.Ж.Есеналиева Ғ.Жолдыбаеваның ғылым мен педагогикалық қызметіндегі жетістіктері жөнінде, әдістемелік ұстанымдары мен еңбектеріндегі негізгі қағидаларын, педагогикалық шеберлігіндегі озық әдістері жайында тебіреніске толы баяндама жасады.  

Ғалия Жолдыбайқызының педагогикалық қызметіне бағыт берген, алдыңғы буын әрі үзеңгілес әріптестері – педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.А. Ұзақбаева, п.ғ.д., профессор Қ.Л. Қабдолова жылы лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар Ғ.Ж.Тұңғатованың замандас әріптестері педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор А.А.Бейсенбаева, PhD З. Жаналиева, шет тілдер методикасы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Г.Б.Жұмабекова, шет тілдер практикасы және коммуникациясы кафедрасының меңгерушісі М.А.Қасымбекова құттықтау тілектерін жолдады.

Құшағы гүлге толған ұстазға айтылған тілектер мен ыстық ықыластар «Ғалия Жолдыбайқызының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері» атты өмірбаяндық бейнебаянымен өрнектелді.

Әсерлі бейнебаяннан кейін Шығыстану факультетінің деканы, PhD., доцент Д.Д. Бакыткерейқызы, шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., профессор Г.Ж. Бүркітбай,   Шығыс тілдері аудармасы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к Р.Б. Желдібаева, кәсіподақ комитетінің төрайымы Л.А.Закржевская  мерейтой иесіне ыстық ықыласын білдірді. Халықаралық коммуникация және менеджмент факультетінің деканы, ф.ғ.д., профессор М.Х.Жұбанова Ғ.Жолдыбайқызына жүрекжарды тілегін жеткізді.

Ғалия Жолдыбайқызына ҚазХҚжӘТУ-дегі Қазақ филологиясы кафедрасының іргетасын қалаушылардың бірі ретінде баға берген әріптес-замандасы ф.ғ.д., профессор З.Ш.Ерназарова да игі тілектерін жаудырды.

Ғылым мен білім беру жолында қызметтес-әріптестерінің құттықтауларынан кейін, сөз кезегі Ғалия Жолдыбайқызының бірге оқыған курстастары мен сыныптастарына берілді.  Қазақ тіл білімінің дамуына елеулі еңбек етіп жатқан ҚРҰҒА академигі, ф.ғ.д. К. Құрманәлиев  курстас досы           Ғ.Тұңғатованың ұстаздық болмысын аша түсті. Қарапайымдылығымен, мейірімділігімен шәкірттерінің зейінін ашуға жол табатын қасиеттерін, дамыта оқыту әдістерін тиімді пайдаланатын шеберлігін атап өтті.

Жастайынан ізденіс пен талпынысқа құштар, табанды еңбек иесі, нағыз ұстаз Ғ.Тұңғатова бала кезгі достарынан да байланысын үзген емес. Осыған дәлел болғандай мектеп қабырғасынан білімге құштар, отансүйгіш, тіл жанашыры ретінде танылуына куә болған сыныптас досы Г.Қ. Қарқабатова сөз алып, ыстық лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Қазақ филологиясы кафедрасының ардагер-ұстаздары Р. Б.Ибраева және Н.К.Мұхамадиева Ғ. Жолдыбайқызын кафедраға алғаш қадам басқаннан бастап, осындай ұлағатты ұстаз дәрежесіне дейінгі ғұмырын көз алдында өткергені жайында, оның әрбір іске жауапты әрі тиянақты, терең лингвистикалық білім иесі екенін ерекше атап өтті.

Сөз соңында дөңгелек үстел модераторы Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент А. Т. Қоңырова  Ғ. Жолдыбайқызын кафедра мүшелері атынан мерейлі жасымен құттықтады. Дөңгелек үстелге қатысушыларға және оны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Дөңгелек үстел жай ғана құрмет көрсету салтанатымен шектелген жоқ. Алғашқы тренинг сабағы Ғ.Жолдыбайқызының өткізуімен басталған мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларына арналған тіл үйретудің инновациялық әдістерін үйретуге бағытталған 2 апталық, яғни  80 сағаттық  курсқа ұласты. Курс соңында қатысушылардың арнайы сертификатқа ие болатынын ескерсек, нағыз ұстаздың берері мол, қалдырар ізінің анық екенін түйсінуге болады.

Ғалия Жолдыбайқызы, еңбегіңіздің зейнетін көріңіз! Отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілейміз!

Tags: Студенттің ғылыми-зерттеу және оқу-зерттеу жұмыстары

Печать