"Әуезов әлемі" факультетаралық байқауы

Бүгін Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де қазақ филологиясы кафедрасы мен кафедра жанындағы Мемлекеттік тіл орталығы ұйымдастырған заманамыздың заңғар жазушысы, мінсіз сөз зергері, драматург, ғұлама ғалым М. О. Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына байланысты әрі Тілдер мерекесіне орай 1-курс, орыс бөлімі студенттері арасында «Әуезов әлемі» атты факультетаралық байқау өз мәресіне жетті. Қорытынды сайыстар университетіміздің көк залында өтті.

Шарт бойынша жазушы құрметіне арналған конкурс 3 кезеңнен құралған еді. Атаулы іс-шараның алғашқы аптасында 26.09-30.09.2022 аралығында «М.Әуезов – қазақ әдебиетінің тарланы» атты тақырыпта әр топ студенттері қабырға газетін шығарды. Әр факультеттің белсенді жастарынан құралған топ мүшелері өз шеберліктерін аянып қалмады. Білімгер жастардың қаламынан шыққан суреттер апта бойында университет қабырғасына ілініп, инстаграмм желісі арқылы бағалауға көпшілік назарына ұсынылды.
Нәтижесінде бұл кезеңнің жеңімпазы болып «Менеджмент және халықаралық коммуникация» факультетінің студенттері атанды.

Сонымен қатар әр факультет топтары қалған 2 кезең бойынша көкпарға түсіп кім алғыр екенін дәлелдеп шықты. Яғни «Әлем таныған Әуезов» атты екінші кезеңде студенттеріміз заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығы жөнінде студенттер арасында жүргізген сауалнамаларын бейнетаспадан көрсетті. Осы кезеңнің талаптары бойынша студенттер 3 минуттық бейнеролик түсіруі, әрі тұлға туралы сұрақтары қызықты әрі мағыналы болуы керек болатын. Байқаудың дәл осы тұсында жаңаға құмар білімгерлер барынша қызықты етіп сұрақтар қоюға, әйгілі жазушымыздың өмірінен терең мағлұматтар беретін, жастардың санасына сәуле тастайтындай сұрақтар қоюға тырысты. Бұл бейнеролик арнайы экраннан әділқазылар алқасы мен көрермен студенттер бағалауына ұсынылды.

Ал «Әлемге әйгілі заңғар жазушы» деп аталатын үшінші кезеңде көркем сөз шеберінің шығармаларынан үзінді оқыды, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарап шабады» дегендей қыз-қыз қайнаған сайыста білімгерлеріміз оза шауып, бәйге алды. Айта кетсек, ІІІ дәрежелі дипломмен Педагогика факультеті (жетекшісі – ф.ғ.к., ассоц.проф.Даркенбаева Ж.Қ.) мен Халықаралық құқық және экономика факультетінің студенттері (жетекшісі – ф.ғ.д., проф.Есеналиева Ж.Ж.) марапатталса, ІІ дәрежелі дипломмен Халықаралық қатынастар факультеті (жетекшісі – ф.ғ.к., ассоц.проф.Оданова С.А.) мен Шығыстану факультетінің студенттері (жетекшісі – ф.ғ.к., ассоц.проф.Аққожина Б.Қ.), І дәрежелі дипломмен Менеджмент және халықаралық коммуникация факультетінің студенттері (жетекшісі – ф.ғ.к., аға оқытушы Айтжанова С.С.) марапатталды. Бас жүлдені Аударма ісі және филология факультетінің студенттері (жетекшісі - ф.ғ.к, ассоц.проф. Нұрмышева Ш.А.) жеңіп алды.

Айтпақшы, басымдықпен алға шыққан жеңімпаздарымызға марапат қағаздары мен арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Печать