5-ші Еуразиялық жастар академиясы (Корея Республикасы) Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де болды

29-30 тамызда Корея Республикасының 5-ші Еуразиялық жастар академиясы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінде болды. Университетке келген делегация құрамында осы бағдарламаға қатысу үшін қатаң іріктеуден өткен Корея Республикасының 21 жоғары оқу орнынан 25 студент, оның ішінде Хангук шетел тілдері университетінің, Пусан университетінің, Кенхи университетінің, Кемёнг, Сонгюнгван, Кукмин, Сеул технологиялық университетінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері, сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық Форумы Хатшылығының, Хёндэ зерттеу институтының, Халықаралық Корей қорының өкілдері болды. Корея Республикасынан келген делегацияны корейтану Орталығының қызметкерлері, шығыстану факультетінің корей бөлімі студенттері жылы қарсы алды.

Еуразиялық жастар академиясының келу мақсаты Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасты нығайту болып табылады. Осы бағдарлама аясында академия студенттері «Корея – Орталық Азия: жақсы болашаққа бірлескен саяхат»: денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, экономикалық қауіпсіздік, қоршаған орта және энергетика тақырыбында жобалар дайындады. Шығыс филологиясы кафедрасының профессоры Чжан Ходжон Корея университеттерінің студенттеріне дәріс оқыды, онда студенттерді университетімізбен таныстырып, Орталық Азиядағы корейтанудың дамуы және Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту келешегі туралы айтты. Кездесудің екінші бөлімінде қазақ және корей студенттері топта жұмыс жасап, бір-бірімен танысып, екі ел жастарын қызықтыратын тақырыптарды талқылады. ҚазХҚжӘТУ шығыстану факультетінің студенттері екі күн бойы оңтүстіккореялық студенттермен араласуға мүмкіндік алды, қонақтарды сүйікті қаламызбен таныстырды. Біздің және корей студенттері үшін бұл баға жетпес тәжірибе болды.

Қонақтар Еуразиялық жастар академиясының біздің университетпен ұзақ мерзімді ынтымақтастығына үміт білдіріп, іс-шараны тамаша ұйымдастырып, жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 17. ОРНЫҚТЫ ДАМУ МҮДДЕЛЕРІНДЕГІ ӘРІПТЕСТІКТЕР

Печать