Шығыстану факультетінің оқытушылары Қытайдың үздік университеттерінде жазғы тағылымдамадан өтті

2023 жылдың 4-17 тамыз аралығында шығыс тілдерінің аудармасы кафедрасының және Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ жанындағы Конфуций институтының оқытушысы Сабигазина Сауле Шыңжаң университетінде жазғы тағылымдамадан сәтті өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан, Орталық Азия және Ресейден қытай тілі оқытушылары қатысты.

Бітірер алдында халықаралық мәдени алмасу мектебі (ҚХР) барлық тыңдаушылар үшін қытай тілі бойынша жазбаша тесттер арқылы бітіру аттестациясын өткізуді ұйымдастырды. Орталық Азия, Ресей және Қазақстаннан келген оқытушылар мастер-класс дайындап, өткізді. Курс соңында тыңдаушылар сертификаттарға ие болды.

2023 жылдың 10 - 23 шілдесі аралығында шығыс филологиясы кафедрасының аға оқытушысы Меллат Дилнар Пекин педагогикалық университетінің Жазғы мектебінде «The 4th Chinese Culture Studies Program for Global Young Scholar (The 8th BNU Philosophy Summer School)» оқуды сәтті аяқтады. Бұл бағдарламаға Ресей, Қазақстан, Бразилия, Пәкістан, Үндістан, Италия, Албания, Германия, Аргентина, Непал, Сингапур және т. б. сияқты 22 елден 40-тан астам жас ғалымдар қатысты.

Пекин педагогикалық университеті Қытайдағы ең көне және ең беделді университеттердің бірі болып табылады. QS рейтингі бойынша университет әлемдегі университеттер арасында 272-ші орында және материктік Қытайдағы университеттер арасында 10-шы орында.

Жазғы мектеп бағдарламасында қытай философиясы мен мәдениетіне қатысты тақырыптар қарастырылды. Аға оқытушы Меллат Дилнардың «How to build a community with a shared future for mankind?» баяндамасы шетелдік ғалымдар мен Жазғы мектеп ұйымдастырушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 17. ОРНЫҚТЫ ДАМУ МҮДДЕЛЕРІНДЕГІ ӘРІПТЕСТІКТЕР

Печать