Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ-де жыл сайынғы «Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін қытай, қазақ және орыс тілдерінде мәнерлеп оқу» байқауы өтті

2023 жылдың 13 қазан күні Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ Конфуций Институты мен Шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы ЖОО-ның студенттері арасында «Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін қытай, қазақ және орыс тілдерінде мәнерлеп оқу» сайысы өтті. 5-ші рет өткізіліп отырған осы жолғы байқауға Әл-фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰҚПУ, Халықаралық Қазақ-Қытай Тіл колледжі және Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ сынды оқу орындарынан 20 студент қатысты.

Студенттер 2 топқа, яғни А тобы мен В тобына бөлініп сайысқа түсті. А тобында Алматы қаласындағы ЖОО-да қытай тілі мамандығында оқитын студенттер Абайдың қарасөздерін қытай мәнерлеп оқыса, В тобында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Әл-фараби атындағы ҚазҰУ мен Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ-де білім алып жатқан қытайлық студенттер Абай өлеңдерін қазақ немесе орыс тілдерінде мәнерлеп оқудан сайысқа түсті.
Байқау қорытындысы:
А тобы бойынша І орынды Кулмагамбетова Аружан (Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ) жеңіп алды. ІІ орынды Испандияр Айзере (Халықаралық Қазақ-Қытай Тіл колледжі) мен Абдраимова Анеля Маликқызы (Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ) иеленді. ІІІ орынды жепіп алған студенттер: Қайыркенова Аружан (Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ), Слямбаева Дильназ Зауровна (ҚазҰҚПУ), Бақытбекқызы Ақнұр (Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ).

В тобы бойынша ҚХР Шаңхай Шет тілдері университетінің студенті Ваң Жиңшуан (Wang Jingxuan) Абайдың «Жүрегім, нені сезесің» атты өлеңін оқып, 1 орынды жеңіп алды. ІІ орынды Шуе Руй (Xue Rui) (Әл-фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті ұсынған), ІІІ орынды Шаңхай Шет тілдері университетінің студенті Гу Юйхан (Gu Yuhan) иеленді.

Іс-шараға ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығының Білім жөніндегі консулы Чэн Шянюнь, мәдениет жөніндегі консул Цинь Си, «Азиалық Газқұбыры» ЖШС өкілдері қонақ ретінде қатысты. Байқауға «Азиалық Газқұбыры» ЖШС демеушілік жасады.

Бұл байқау университетіміздің ректоры – Құнанбаева Сәлима Сағиқызының қолдауымен өтуде. Байқауды ұйымдастыруға Конфуций институтының деканы, профессор Толқын Қалибекұлы, профессор Ши Лонвэй, Конфуций институтының оқытушылары шығыс тілдерін аудару факультеті және шығыс филологиясы кафедраларының оқытушыларының қосқан үлесі ерекше.

Печать