Qxford Qazaq Dictionary сөздігінің 65 данасы ҚазХҚжӘТУ кітапханасына түсті

Қазақ-ағылшын сөздігін құрастыру идеясын алғаш рет 2011 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігі ұсынған болатын. 2011 жылы басталған жоба 2014 жылы аяқталып, қазақша-ағылшынша онлайн сөздігі ретінде жарық көрді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық аударма бюросында сөздік жұмысы қайта жанданды, оның аясында сөздік толықтырылып, өңделіп, редакцияланып, 2023 жылдың соңында Qxford Qazaq Dictionary деген атпен 10 000 дана басып шығарды.

Елімізде тұңғыш жарық көріп отырған қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ тіліндегі сөздікте 60000-ға жуық сөз қамтылған. Сөздікке қазір архаизмге айналып кеткен көнерген сөздермен қатар ұлттық нақышты білдіретін реалия сөздер және сөз тіркестері енген, оған қоса әр сөздің қай сөз табына жататынымен қатар, қолданылу аясы да нақты көрсетілген.

Сөздікті шығаруда 50-ден астам тәжірибелі тіл мамандары жұмыс істеді, олардың арасында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Аударма және филология факультетінің оқытушылары мен студенттері де болды. Олар: Б.Мизамхан – аудармашы, қазақша-ағылшынша редакторы; аудармашылар: Алдабергенова А., Дүйсенбаев М., Исхан Б., Куанышбекова А., Қадірсізова Г., Муминов Н., Нұрқабаева Ғ., Саймкулова Ш., Тәжіғұлова М., Үсенов Е., Чокаева Т. және басқа да ірі ұйымдардың аудармашылары. Бүгінде университет кітапханасы 65 дана сөздікпен толықты. Университетімізді айтулы табысымен құттықтап, аударма және филология факультетінің деканы Бағлан Мизамхан бастаған әріптестерімізге табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 4. САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ, Қауымдастық жаңалықтары

Печать