«Қоғамдық дипломатия: Корея Республикасы – Қазақстан Республикасы»

2017 жылдың 5-6 мамыр аралығында Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшілігінің ұйымдастыруымен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қабырғасында «Қоғамдық дипломатия: Корея Республикасы – Қазақстан Республикасы» атты алғашқы семинар өтті.

Қазақстандағы корей тілі мен корейтанушы оқытушылар, магистранттар мен студенттер қатысқан аталмыш семинар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағандығына 25 жыл және Қазақстан жерін корей ұлтының мекен еткендігіне 80 жылдық мерейтойларына арналды. Алматы, Астана, Өскемен, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Шымкент және Ақтөбе қалаларының 20 шақты оқу орнынан 50 оқытушы және 15 студенттер мен магистранттар қатысқан семинар достық байланыста өтті.

Семинардың алғашқы күні қоғамдық дипломатияға қатысты дәрістер оқылды. KIMEP профессорыЛи Гынджун өзінің «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынас үшін «жаңа жібек жолы» – Қазақстанның экономикалық жүйесін түсіну мен геосаяси жағдайының маңыздылығы концепциясының шеңберінде екі ел арасындағы қоғамдық дипломатияның стратегиясы мен маңыздылығы» атты дәрісінде корей бизнес-құрылымдарының менталитет айырмашылықтары машақаттары мен өзара түсінушіліктің қиындықтары жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, туындаған мәселелерді шешу үшін Орталық Азия мен Қазақстанның мәдениеті мен экономикалық жүйесін жіті түсіну мақсатында дипломатия бағытына күш салу керектігіне тоқталды.

«Ариран» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Чин Ёнсон «Ариран – Отанынан шалғайдағылардың әні» дәрісін оқыды. Ариранның корей диаспорасымен бірге бүкіл әлемге таралған корей халқының ұлттық әні екендігін айтты. Профессор аудиторияның назарын сирек кездесетін Ариран жазбаларымен аударды.

Семинардың екінші күні секцияларға бөлінген жиналыстар мен дөңгелек үстел өткізілді. Секция бойынша бөлінген жиналыста қатысушылар қоғамдық дипломатияны дамыту туралы өздерінің ойларымен, ұсыныстарымен бөлісті. Қазақстан корейтанушылары мен корей тілі оқытушыларының арасындағы нетворкты нығайту мәселесі де көтерілді. Мәселенің шешімі ретінде корейтанушы ұйымдарының ортақ ғаламтор парақшасын жасап, оқу орындары өздерінің жаңалықтарын жариялай алатын жаңалық бюллетендерін шығаруға келісті.

Қазақстан Республикасындағы Корея Ресубликасыныңуәкілі Хан Манчун семинарды қолдаған қатысушылардың көңілінен шығып, қоғамдық дипломатиялық семинарды жыл сайын ұйымдастырып, Қазақстан корейтанушыларының нетворгының дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсететіндігіне сөз берді.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 17. ОРНЫҚТЫ ДАМУ МҮДДЕЛЕРІНДЕГІ ӘРІПТЕСТІКТЕР

Печать