Ғалым мерейтойына орай ғылыми конференция өтті

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 25 қаңтар күні ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Жоғары мектебі ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қалиев Байынқол Қалиұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты: Ф.ғ.д., проф. Қалиев Байынқол Қалиұлының тіл біліміне байланысты ғылыми еңбектерін саралай отырып, соның негізінде тіл білімінің мәселелерін талқылау, тілді қорғау, оның қолданыс аясын кеңейту. Ұлттық сана-сезімі жоғары, Отанын, ана тілін өз анасынан кем сүймейтін отаншыл жастарды тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау,  патриоттық сезімін ояту.

Аталған шараға Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан, Башқұртстан Республикасы, УФА қаласы, Башкұрт Дәулет университетінен, Қытай Халық Республикасы, Орталық ұлттар университетінен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен және т.б. жоғары оқу орындарынан қонақтар келді. Салтанатты шара Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Асель Тұрарқызы Чакликованың құттықтау сөзімен ашылды. Проректордың сөзінен кейін шара ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Ш. Құрманбайұлының, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш Оразбаевалардың мазмұнды баяндамаларымен жалғасты.

«Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда лексикология  және терминология, қазақ жазуының тарихы және латын графикасы, тіл мен әдебиет: ұлттық рухани мәселелер және білім берудегі жаңа технологиялар, тіл біліміндегі жаңа бағыттар  сынды ғылыми мәселелер қарастырылды.

Печать