Заң бұзушылыққа қарсы шаралар

Университеттің басты мақсаттарының бірі – студенттердің құқықтық сауаттылықтарын арттыру және қылмыстың алдын алу. Қазіргі кезде қылмыс пен заң бұзушылық қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан біздің университеттің студенттері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының ережелерін толыққанды білулері тиіс. Яғни әрбір студент университеттің ішкі ережелерін орындауға міндетті, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің құқықтық жауапкершілігін білулері қажет.

Осыған орай, 13 ақпан күні Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде заң бұзушылықтың алдын алу шаралары өтті. Алматы қаласы Алмалы ауданы ІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж.М. Ережепов және полиция майоры К. А. Байдилдаева университеттің бірінші және екінші курс студенттерімен кездесті. Студенттер, өз кезегінде,  сұрақтар қойып, оларға жауап алды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық орындарда дөрекі, әдепсіз сөйлемеу керектігін, қоғамдық орындарға, саябақтар мен алаңдарға қоқыс тастауға болмайтынын ескертіп,  қоғамдық тәртіпті және адамдардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттердің құқықтық жауапкершіліктері қарастырылған заң баптарымен, тармақтарымен таныстырды. Аталған қылмысты жасау 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатынын атап айтты.

Полиция қызметкерлері  Алматы қаласындағы 18-24 жас аралығындағы студент-жастардың темекі қалдығын немесе басқа да қоқысты қоғамдық орындарға, көшеге тастау арқылы «тәртіпсіздік» фактісімен полицейлер назарына ілігетінін, ондай студенттер ҚР заңының 434 бабына сәйкес  әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

ҚР заңының 434 бабына сәйкес «ұсақ тәртіпсіздік» үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Басқармасының деректер базасына енгізіледі.

Тәртіпсіздікке қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған студент, жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін,  жұмысқа орналасқанда, әсіресе мемлекеттік қызметке өтініш берген кезде, базадан оның «әкімшілік жауапкершілікке» тартылғаны жайлы ақпарат шығады. Демек, жұмысқа орналасуына үлкен кедергі келтіреді.

Болашағымыз жарқын болсын десек, заң бұзушылықтан аулақ болайық!

Печать