Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастамасы!

Экономика мен технология қарқынды дамып бара жатқан кезде рухани тамырға бет бұру, ұлттық санада қалыптасқан игі салт-дәстүр мен тарихи, мәдени, әдеби, тілдік құндылықтарды жаңа заманның ағымына сай жаңғырта дамыту «Мəңгілік Ел» болуды мұрат еткен еліміздің əрбір азаматының санасына ой салары сөзсіз.

 «Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды жете меңгерген, сонымен қатар түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін білімді де білікті азаматтардың қолында. Ұлыстың ұлы күні Наурыз – нағыз салт-дәстүрімізді дәріптейтін, ұлттық нақышымызды насихаттайтын өрелі де, өнегесі мол мейрам.

2019 жылдың 2 сәуірі күні «5В020200 - Халықаралық қатынастар» мамандығында оқитын 1-курс, орыс тобы студенттеріне «Қазақ тілі» сабағында «Наурыз-жаңару мен жаңғырудың бастамасы» атты таным-тәрбиелік ашық сабағы өтті.

Сабақтың негізгі мақсаты: өзге тілді жастарымызды мемлекеттік тілде сауатты сөйлеуге үйретумен қатар, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, халқымыздың ұмыт болған әдемі салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту, тарихи тамырынан нәр алған бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу.

Ашық сабақты ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор С.А. Оданова өткізді. Сабаққа мерекелік іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Б.Ж. Исхан және бір топ кафедра оқытушылары, аталған топтың эдвайзері Макашева Жанат арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Студенттеріміз Наурыз мерекесіне қатысты мерекенің шығу тарихы, мерекеде ойналатын ұлттық ойындар, мерекелік ұлттық тағамдар, Наурыз мерекесіне қатысты қолданылатын афоризмдер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер тақырыбында бес жоба қорғап шықты және ұмыт болған салт-дәстүрлерге қатысты бірнеше танымдық сұрақтарға келген қонақтармен бірге жауап беріп, мерекелік «Наурыз көже», ұлттық ас мәзірлерінен дәм татып, тамаша өнерлерін көрсетіп, өзара қызықты сайыстар ұйымдастырды.

Молынан болып ырысың, Оңынан келгей Ұлысым демекші, бір ғана топпен өткен «Наурыз» мейрамы тағылым мен тәрбиелік маңызы ерекше, өзіндік сән-салтанаты жарасқан кеш ретінде бәріміздің есімізде қалары сөзсіз.

Печать