Жоба таныстырылымы және «Жол бойында» деректі фильмінің көрсетілімі

Қазіргі қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі түрлі діни ағымдардың таралуы және жастардың аталған діни ағымдарға еріп кетуі болып отыр. Елімізді  дәстүрлі ислам дінімен қатар, салафизм, ваххабизм секілді басқа да ағымдар бар. Аталған діни ағымдағылар радикалды көзқарастарымен ерекшеленеді, кейбірі бабаларымыздың өмір салтын жаңғыртуға, кейінгі діни жаңалықтарды қабылдамауға шақырады. Статистикаға жүгінсек 14 пен 29 жас аралығындағы жастар радикалды діни ағымдар арбауына тез түсіп қалады екен.  2019 жылы 4 сәуірде Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ жастар арасында теріс діни ағымдардың таралуының алдын-алу шарасы өтті.

Аталған шарада жоба таныстырылымы және «Жол бойында» деген тақырыпта деректі фильм көрсетілді. Жоба  таныстырылымына жоба жетекшісі, «Алматы номад» саяхатшылар Клубының жетекшісі, «Internews»-тің бағдарламалық менеджері  Назым Тоғанбаева, жобаның ғылыми кеңесшісі, филос.ғыл.докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәдениеттану және дінтану кафедрасының профессоры Қалимаш Бегалинова, Нұр-Мубарак университетінің өкілі, исламтанушы Данияр Сүлейменов және университет студенттері мен оқытушылары қатысты.

               Жобаның «Жол бойында» деген тақырыптағы шағын деректі фильмінде Қазақстан мен Қырғызстанның кейбір қалаларында орын алған жат діни ағымға еріп кеткен жастардың және олардың отбасының басынан өткерген келеңсіз оқиғалары жайлы баяндалады. Діни радикалды ағымдар жетегіне еріп, Сириядағы соғысқа кетіп, өзінің және отбасының өміріне қатер төндірген азаматтардың өмірі шынайы көрсетіледі. Деректі фильм кейіпкерлерінің туыстары мен отбасының басынан өткен келеңсіздіктер жайлы әңгімелейді, салдарлары мен себептерін түсінуге тырысады, радикалды діни ағымдарға тартудың алғашқы белгілерін еске түсіреді. Осындай жағдайға тап болған отбасылардың көршілері (оқиғалардың негізгі куәгерлері) де байқаған жағдайларын айтып, ойларымен бөліседі.         Жобаның басты мақсаты - нақты қайғылы оқиғаларды көрсете отырып, керісінше көршілердің жағымды, бақытты, бейбіт отбасылық жағдайын паш ету арқылы Қазақстанда радикалдандыруды болдырмау.        Фильмнің басты кейіпкерлері көрші тұрып, бірге өскен азаматтар дінді дұрыс түсінбегеннен, жат ағымға еріп, тағдырын түбегейлі өзгертіп,  аяғы қайғылы жағдайларға әкеледі. Ал, көршілер бейбіт өмір сүруді жалғастырып, бақытты отбасында өз нанымдарына адал болып қала береді.         Жоба «STORICRAFT - Innovate» инновациялар Аймақтық азаматтық  инновациялар лабораториясының жеңімпазы. Студенттер деректі фильмді көргеннен кейін  фильмді қызу талқылады. Жоба жетекшілеріне сұрақтар қойып, кәсіби деңгейде жауаптар алды.   

      Ашық пікірталас негізінде ғана  қазақ қоғамы жат діни ағымдарға қарсы тұру жағдайында жастар саясатын қалыптастыру және одан әрі жетілдірудің проблемалық мәселелерін шеше алады. Жастармен үнемі диалог жүргізіп, жастарға дұрыс бағыт беріп, деструктивті діни идеологияның біздің қоғамға енгізбеу мәселесін талқылап отыру кезек күттірмейтін мәселе.

Печать