Өмірдің маңызды құндылықтары

Өмірдің негізгі құндылықтары адам тағдырында маңызды рөл атқарады. Мәселен маңызды бір өмірлік шешім қабылдауда, алдыға мақсат қойып, соған жетуде өмірлік құндылықтар әсер етеді. 3 сәуір күні университет жатақханасының демалыс кешенінде профессор Д.С. Раев студенттермен емен-жарқын әңгімелесті, пікір алмасты, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.  Дәулетбек Сәдуақасұлы 40 жылдам астам уақыт университетте жұмыс істеп келеді. Ғалым философия, тарих саласы бойынша ғылыми еңбектерін жазып, студенттерге дәріс беріп жүр.

Д. Сәдуақасұлы қазақ халқының ұлттық отбасылық құндылықтары туралы философиялық ойларымен бөлісті. Біздің әрқайсысымыздың өз өмірлік құндылықтарымыз бар. Мәселен біреулер үшін бірінші орында мансап, қаржы, жұмыс тұруы мүмкін. Ал, біреулер материалдық құндылықтарды бірінші орынға қоюы мүмкін. Алайда, адам есейіп, орта жасқа келгенде өмірлік құндылықтарға деген көзқарасы да өзгереді. Жоғарыда аталған құндылықтардың орны ауысады.  Өмірдің мәні неде деген сауалға жауап іздегенде, адам баласы өмірдің мәні отбасы мен туыстарында екенін түсінеді.

Профессор Д. Раев ұлттық отбасылық құндылықтар жайлы өте тартымды, мысал келтіре отырып әңгімелеп берді. Ғалымның айтуынша, өмірдің мәні – отбасын құрып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасыңа қамқор болу. Қазақ халқы «Отан отбасынан басталады» деп, «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» өнегелі отбасыларды үнемі үлгі тұтқан. Отбасының берекесі мен бірлігі, татулығы өмірде жетістіктерге жетуге, өмірге деген құлшынысыңды арттыруға себеп болады. Жақын жандарыныңыздың жүзіндегі қуаныш қана сізді толық бақытты ете алады. Жақын жандарыңыз ғана сізге жанашыр, қамқор бола алады. Жақын жандарыңыз ғана қуанышта да, қиындықта да қасыңыздан табылады. Ондай болса, жақын жандарымызды, отбасымызды қадірлейік, қастерлейік...

Печать