ҒАЛЫМ, ҰСТАЗ, ТӘЛІМГЕР.

17 қаңтар 2020 жылы Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-не филология ғылымдарының докторы, профессор Р.С. Әмірдің 90 жылдық мерейтойына арналған «Профессор Р.Әмір: қазақ тілі грамматикасының бүгіні мен ертеңі» атты дөңгелек үстел өтті.

Рақыш Сәтұлының 90 жылдық торқалы тойын Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен бастауы кездейсоқ жағдай емес. Рақыш Сәтұлы 1979-1987 жылдары Алматы шетел тілдері институтына (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне) ректорлық қызметте болды, әрі жалпы тіл білімі кафедрасын қоса басқарады.

Рақыш Сәтұлы – кәсіби жолын мұғалім болып бастап, үлкен әріппен жазылатын   ұстаз дәрежесіне жеткен тұлға, ұлағатты ұзтаздық қызметін ғылыми жұмыстармен сәтті жалғастырған ғалым.  Ғылым жолы қашанда талмас еңбек пен табандылықты қажет етеді. Р.С. Әмір ғылымнын үш саласын қамтып: тіл білімі; педагогикалық ғылымдар; мектеп, ғылыми мекемелер үшін маман дайындау салаларында еңбекқорлықпен, ізденімпаздықпен еңбектенуде. Тіл білімінің қыры мен сырына үңілген жетпіс жылдан аса уақытта ғалымның қаламынан туындаған грамматика  мәселелері, қазақ әдеби тілі, педагогика мәселелері, тіл мәдениетi және баспасөз мәселелері, ауыз екі сөйлеу тілі, лингвостилистика салаларының теориялық  мәселелеріне арналған қаншама ғылыми еңбектері ғылымға қосылған сүбелі жаңалық болып есептелініп, ғылыми көпшіліктің тәлім алар, тәжірибе алмастырар мұрасына айналды.

          Жалпылай алғанда Рақыш Сәтұлы Әмір  40-45 жылдай ұстаздық қызмет атқарып, сан мыңдаған студенттерге білім беріп, оларды тәрбиелеп шығарған. Бұдан тыс екі ғылым докторын, 21 ғылым кандидатын даярлаған. Рақыш Сәтұлы Әмір   оқытқан, тәрбиелеген шәкірттері қазіргі кезде Республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.

 

Дөңгелек ұстел барысында көтеген ғылым саласындағы академик, профессорлар, докторлар  қатысып дөңгелек үстелге келген жастарға ғалымның өмірбаяны мен ғылыми-шығармашылық жолындағы жетістіктерді баянат етті.

Ғалым құрметіне арналған ғылыми отырысқа келген қонақтар мен оқу орнымыздың   ұжымы  ұйымдастырушыларға бүгінгі жиын ғалымның ғибратты ғұмыры мен ғылымдағы жолы, қайреткерлік қызметі мен ана тілімізді дамыту жолындағы ерен еңбегі жөнінде тағлымы мол алқалы жиын болады деп алғыс білдірді. Университетіміздің Ректоры Құнанбаева Салима Сағиқызы  Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары Қауымдастығының А.Б.Байтұрсынов атындағы Алтын медальмен марапаттап және соған қоса университет атынан сыйлық тапсырып, мерей той иесінің иығына құндыз жағалы шапан жапты.

Печать