Жапон меценаты Еджи Сатоның онлайн дәрісі

16 сәуірде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде онлайн форматта «Eurasia Foundation» жапон қорының Басқарма Төрағасы Еджи Сатоның «Біртұтас Әлем» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.

Онлайн дәрісін меценат Еджи Сато: «Құрметті Ректор, Құрметті оқытушылар, студенттер! Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың 80 жылдық мерейтойымен құттықтауымды қабыл алыңыз. Абылай хан атындағы тамаша университет өзінің құрылған күнінен бастап 80 жыл бойы Орталық Азиядағы ең үздік университеттердің бірі ретінде көшбасшылық орынға ие. Сіздің университетіңіз бітірген керемет кадрлар қазір әлемнің әр түрлі салаларында және барлық аймақтарында жұмыс істейді. Атап айтқанда, сіздің университетіңізде әлемнің 14 елінің тілдерін оқыту ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Шет тілдерін білетін және халықаралық қатынастарға бағдарланған мамандар мен кадрларды даярлаудың арқасында сіз Қазақстан мен бүкіл әлем арасында байланыс орнатуда таптырмайтын рөл атқарасыз. Біз сіздің Қазақстанның халықаралық деңгейдегі қызметіне, сондай-ақ Орталық Азия мен бүкіл әлемде бейбітшілік пен үйлесімділікті сақтауға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз», – деп құттықтау сөзімен бастады.

Еджи Сато біздің елімізге жасаған сапарын ерекше ықыласпен еске алды, ол Қазақстанда үш рет болыпты, жастарға деген ерекше көзқарасын атап өтті. Сонымен қатар қор туралы: «Біздің Қор осы 10 жыл ішінде елдер мен ұлттарға қарамастан Азияны дәріптеу және біріктіру болып табылатын игі іспен айналысып келеді. Өткен жылдан бастап әлемдік кеңістікке шығу мақсатында Еуразия назарын өзімізге аударта отырып, біздің қызметіміздің тұғырнамасын кеңейттік. Осыған сәйкес біз қорымыздың «Біртұтас Азия қорынан» деген атауын «Еуразия қоры» деп өзгерттік. Болашақта біз Азия мен Еуропаны байланыстыратын «Еуразиялық қоғамдастық» құруды жоспарлап отырмыз, ал түпкі мақсаты – бүкіл әлемді біртұтас әлемге байланыстыратын әлемдік қоғамдастық құру» деді.

Екі сағаттық дәріс барысында Еджи Сато Қордың мақсаты әлемдегі алауыздықты жоюға және Азияда үйлесімді әрі бейбіт қоғам құруға барынша үлес қосу – өзінің асқақ арманы екенін айтты.  Әлемдегі қазіргі қақтығыстарға соғыстар, саяси, экономикалық, діни және этникалық қақтығыстар, сондай-ақ экологиялық мәселелер жататынын атап өтті.  Қорға мемлекеттік немесе саяси қолдау көрсетілмейтіні, қор тәуелсіз жеке тұлға ретінде әрекет ететінін және әрқашан бейтарап позицияны сақтайтынына назар аудартты.

Қор бүкіл әлемдегі университеттердің қатысуы үшін ашық алаң ретінде қызмет етеді. Барлық ғылымдар мен барлық діндердің түпкі мақсаты –шындықты зерттеу. Еджи Сато шындықты зерттеу, түсіну адамзат үшін өте маңызды екенін, сондықтан әлемнің 460 университетінде «Біріңғай Азия – біртұтас Әлем» курсын құру арқылы біз студенттердің әлемдік тарихты, мәдениетті, дінді, саясат пен экономиканы түсінуіне және олардың бір-бірімен өзара әрекеттесуіне ықпал ететіндерін айтты.

Еджи Сато: « Білімнің де шегі бар. Алайда қиялдың күші шексіз. Шындыққа шексіз жақын болу үшін елестету қабілеті мен сену қабілетін қамтитын қиялдың күші қажет. Атап айтқанда, дін мен кванттық механика, менің ойымша, шындыққа жақындап келеді» деген қызықты әрі тың ойларымен бөлісті. Бұдан әрі Сато-Сан былай деді: «осы өзгерістер аясында біз Орталық Азия өңірі Еуразия өңірлерінің ішіндегі ең болашағы зор өңір болып отырғанын көріп отырмыз және дәл осы Қазақстан осы өңірдегі орталық қозғаушы күш болып табылады деп ойлаймыз. Сондай-ақ, үлкен үміт көкжиегі кең және болашақта елдер мен континенттер арасындағы байланыстырушы буын бола алатын жас кадрларды тәрбиелеуге бағытталуы керек» деді. Қорытындылай келе, Еджи Сато «ХХІ ғасырда сұранысқа ие кадрларды дайындауда қазіргі заманғы жоғары оқу орындары басым рөл атқаратыны ешкімге құпия емес. Біз олардың алдыңғы қатарында  ҚазХҚжӘТУ бар екеніне сенімдіміз. Биыл өзінің 80 жылдығын атап өтетін Абылай хан атындағы  ҚазХҚжӘТУ уақыт талаптарына және қоғамның үмітіне жауап беретін қазіргі заманғы көптілді университеттердің бірі болып табылады. Осы 80 жыл ішінде қол жеткізген керемет жетістіктеріңізге сүйене отырып, ХХІІ ғасырға табысты еніп, одан әрі дами берулеріңізді тілейміз.

Еджи Сато университетіміздің оқытушысы Андасова Марал Мырзакалиевнаға жапон тілінен қазақ және орыс тілдеріне кәсіби аударғаны үшін ерекше алғысын білдірді. Жапон меценатының дәрісі үлкен резонанс тудырды, ZOOM платформасы шамадан тыс жүктелді, көптеген қызықты сұрақтар болды.

Печать