Ұстаздарға рақмет!

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тамаша сөз бар. Өйткені ұстаз шәкірт бойына білім нәрін сініріп, ізденуге деген қызығушылығын оятатын, қажет болса дұрыс жолға салатын абзал жандар. Нағыз ұстаз мамандығына адал, білім алушыға деген жан жылуын сыйлай да біледі. Ел болашағы ұстаз тәрбиелейді десек қателеспейміз.

Жауапкершілігі мықты ұстаз білім берумен шектелмесе керек. Ол рухани байлығыңыздың да өсуіне, жан дүниеңіздің дұрыс қалыптасуына да өзінің ізгілік нұрын себеді.

Осы тұрғыда алдымен адам, сосын болашақ маман иесі ретінде біз, аударма ісі факультетінің 1-курс орыс бөлімі В2-1 қазақ тілі орта деңгейінің студенттері, университетіміздің Қазақ филологиясы кафедрасының оқытушылары Ш.А.Нұрмышева мен Л.Ж.Хамимульдинова апайларымызға рақметімізді айтқымыз келеді.

В2-1 орта деңгейіндегі қазақ тілі пәні бойынша өтіп жатқан  «Отбасындағы қарым-қатынас», «Қара шаңырақ» және т.б. секілді тақырыптар тілді үйретіп қана қоймай, отбасылық құндылықтарды да жоғары бағалатып, көп ойларға жетелейді. Отбасылық құндылықтарға дұрыс көзқарас қалыптастыруымызға да оң ықпалын тигізеді. Аталған тақырыптар аясында әр сабағымыз қызу пікірталаспен, ой бөлісулермен өрнектеледі. Сабақ уақытының қалай жылдам өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. Осының арқасында қазақ тіліне, қазақтың ділдік болмысына деген құрметімізді арттыра түседі. Тамаша сабақ әзірлемелерін дайындап қана қоймай  оны қызықты өткізе білетін ұсаздарымызға мың алғыс!

Құрметті ұстаздарымыз Шәрбат Арзықұлқызы, Ләйлә Жексенқызы! Осындай тәрбиелік мәні мен тіл үйрету бағыты қатар жүрген маңызды сабақтарыңыз студенттерге мемлекеттік тілді меңгеруіне нәтижелі ықпал етеді деп сенеміз. Ұлттық құндылықтарды да бойымызға сіңіртудесіздер. Сапалы маман тәрбиелеуде жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын! Мерейлеріңіз өсіп, еңбектеріңіз жана берсін!,-деп тілек білдіргіміз келеді.

Құрметпен, аударма ісі факультетінің

1-курс орыс бөлімі,

В2-1 қазақ тілі орта деңгейнің студенттері.

Печать