Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-нің ХҚФ студенттері Республикалық пәндік олимпиада жүлдегерлері

27 сәуірде кәсіби аймақтану кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Шукыжанова А.Н., Тойганбаева А.Е., аға оқытушы Ахметова Ш.Қ. жетекшілігімен «Аймақтану» мамандығының қазақ, орыс және ағылшын бөлімдерінің студенттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де БҰҰ-ның Жаһандық коммуникация департаментінің басшысы Властимил Самектің төрағалығымен 6 университеттің қатысуымен өткен республикалық қашықтық пәндік олимпиадасына қатысты. Олимпиаданың тақырыбы – «Халықаралық қатынастар жүйесін трансформациялау жағдайындағы көші-қон процестері: негізгі үрдістер мен міндеттер».

Командалар арасындағы сайыс үш тапсырмадан тұрды. Біріншісі – командалардың бейне көрсетілімі, екіншісі – «Елдердің көші-қон профилі: ағымдағы жағдай және болжам сценарийі (таңдау елі)» ғылыми-зерттеу жобасы, үшіншісі – Kahoot платформасында команда капитандары арасындағы онлайн викторина.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша университетіміздің командалары (орыс бөлімі – Манкешева Айжан, Алеева Дания, Коптилева Анель, ағылшын тілі бөлімі – Болысбекова Мейірім, Кеңесбаева Гүлдана, Қазихан Гаухар, қазақ бөлімі – Жүнісова Аружан, Жеткербай Бекжан, Абдухманова Сандуғаш) университетаралық байқауда үшінші орынға ие болды. Дарынды студенттерімізді шын жүректен құттықтап, оқуда табыс тілейміз.

Печать