ҚазХҚжәнеӘТУ-дің Васеда (Жапония) университетімен мәдени-білім беру саласындағы ынтымақтастығы

Мәдени-білім беру саласындағы ынтымақтастық мақсатында 2023 жылдың 15-20 қаңтары аралығында шығыстану факультетінің студенттері Васеда Университетінде болып қайтты. Бұл іс-шара студенттердің 2021 жылдың қазан-қараша айлары аралығында Қазақстанның тәжірибесін пайдалана отырып, жапондық Минано ауылын қайта жаңғырту туралы онлайн форумға қатысуының арқасында мүмкін болды. Васеда Университетінің Sakura Science орталығының қаржыландыруы негізінде форумға қатысушылар арасында Жапонияға, нақтырақ айтқанда Минаноға толықтай тегін апталық сапарға іріктеу өткізілді. Нақты алғанда 14 қатысушыға арналған 10 орын тағайындалған. Іріктеу студенттердің жазған және оқыған сакубундарын (эссе) бағалау тұрғысында өткен болатын.

Осылайша, іріктеуден өткен студенттер Васеда Университетіне бару мүмкіндігін алды. Сапардың өзі студенттерге жапон тілін қолдануға және оқып жатқан елдің әлеуметтік және мәдени аспектісін сезінуге мүмкіндік берді. Сапар барысында студенттеріміз Токио мен Минанода болып, мегаполис пен ауыл арасындағы айырмашылықты бағалай алды. Сондай-ақ, олар ауылдық және қалалық буддистік ғибадатханалар мен мұражайлар қалпындағы мәдени орындарды, атап айтқанда әйгілі Минано хайку ақынының ауыл мұражайы және Токио ғылыми мұражайы мен обсерваториясын көрді.  Васеда университетіне барып, дәрістер мен семинарларға қатысты. Бір күн толыққанды жапон студенті бола алды. Сонымен бірге студенттеріміз жапон студенттерін Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен, еліміздің қазіргі дамуымен таныстыра алды.

Елге оралғаннан кейін студенттеріміз Жапонияға сапары туралы әсерлерімен бөлісті.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 17. ОРНЫҚТЫ ДАМУ МҮДДЕЛЕРІНДЕГІ ӘРІПТЕСТІКТЕР, Студенттің ғылыми-зерттеу және оқу-зерттеу жұмыстары

Печать