«Араб әлеміне саяхат»

Шығыстану факультетінде 6 шығыс тілі оқытылады. Солардың бірі – араб тілі, ол әлемде кең таралған маңызды тілдердің бірі және мың жылдан астам тарихы бар.  Араб тілінің қолдану аймағы әлемнің 60-қа жуық мемлекетін қамтиды, 700 миллионнан астам адам араб тілінде сөйлейді.

Осыған орай 2023 жылдың 6 ақпанында Шығыстану факультетінде шығыс филологиясы кафедрасы "Араб әлеміне саяхат" атты іс-шара өткізді. Іс-шараны араб тілінің аға оқытушысы Салтанат Тайжанқызының жетекшілігімен араб тілі бөлімінің студенттері  ұйымдастырды. Іс-шараға факультет деканы Эльмира Маратовна, Шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Гаухар Жансапқызы, Мысыр Араб Республикасынан келген қонақ доктор Абуль Футух Сабри Юнус және факультет оқытушылары мен араб тілі бөлімінің студенттері қатысты. 

Іс-шара барысында студенттер ақпараттық-танымдық бейнероликтер арқылы араб елдері, араб тілінің жаһандық маңызы туралы жан-жақты мағлұматтар беріп, әр елдің өзіндік ерекшеліктері мен көрнекті орындары, тарихи жерлері туралы пайдалы да қызықты ақпараттармен бөлісті. Студенттер kahoot онлайн платформасындағы ойындар барысында, линвоелтанушылық бағыттағы викториналық сұрақтарға белсенді түрде жауап беру арқылы араб тіліндегі білімдерін көрсетіп, араб әлеміне қызығушылықтарын көрсетті. Іс-шара студенттердің орындауындағы шабыттандыратын араб әнімен аяқталып, қонақтар мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Печать