"Бағдар тілдік білім" жобасын бірлесіп іске асыру....

Астана төрінде өтіп жатқан семинар ақпанның 21-і күні әрі қарай жалғасуда. Үстіміздегі жылдың 20 ақпаны күні Астана қаласында қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі, Назарбаев Университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасы бірлесіп ұйымдастырған «Бағдарлы тілдік білім: Интеграция. Инновация. Технология» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинарының жұмысы өз жалғасын  тапты.

Бүгінгі «Тілдік білімді бағалаудың әдіс-тәсілдері» атты сессияның модераторы  –   Астана қаласына семинар жұмысы үшін арнайы шақыртумен барған университетіміздің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент А.Т. Қоңырова.  

Семинарда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Ж.Есеналиева «Өзге тілді оқытуда салғастырмалы əдістің сөйлеу əрекетін дамытуға əсері» тақырыбында аса  қызықты әрі маңызды семинар өткізді. Білім беру, тіл үйрету тиімділігін арттыру бағытында бөлісетін тәжірибе, айтылатын озық пікірлері бар ғалымдар мен оқытушылар бас қосқан жиында семинар тақырыбы тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, қатысушылардың зор ықыласына бөленді. Сұрақ-жауап сессиясында   Есеналиева  Жанар Жорабекқызына сұрақтар қойылды, сұрақтардың барлығы тақырып аясында өзектілігімен айқындалды, қатысушылар тарапынан «өте қызықты дәріс болды» деп кері байланыстар беріліп, «келешекте осы тақырыпқа байланысты  баяндама жасалса, курстар өткізілсе» деген ұсыныстар түсуде.

Семинар жұмысының  ойдағыдай өтуіне университетіміздің қазақ филологиясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы белсене атсалысуда.  

Семинардың мақсаты – қазақ тілін ЖОО-да практикалық, кәсіби мақсатта оқытудың өзекті мәселелерін талдау, тәжірибелермен бөлісу, қазақ тілін шетелдік азаматтарға оқытудың ерекшеліктері мен тиімді жолдарын қарастыру. Семинар ЖОО оқытушыларына, докторанттар мен магистранттарға, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары мен ғылыми институттардың қызметкерлеріне, сондай-ақ болашақ тіл мамандарына аса пайдалы болады деп ойлаймыз.

Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің директоры, профессор Юлай Шамильоғлы  Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне, соның ішінде семинардың өтуіне атсалысқан қазақ филологиясы кафедрасы ұжымына ерекше  алғысын білдірді. Болашақта осындай семинарлар әлі де жалғасын табады деп сенім білдірді.

Семинар жұмысы мен оның  қатысушыларына сәттілік тілейміз!

Печать