Оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісуде

Бүгін елордамыз Астанада Назарбаев Университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырған «Бағдарлы тілдік білім: Интеграция. Инновация. Технология» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинарының  үшінші күні де  аяқталды.

Бүгін ақпанның 22-і күні «Сөйлеу әрекетін дамытудың тиімді жолдары» деп аталатын 3-сессиясын модератор Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.    Омарбекова Гүлнара ханым жүргізді. Бүгінгі сессияда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының оқытушылары қызықты әрі маңызды онлайн семинар өткізді. Атап айтқанда, бүгінгі семинарда ф.ғ.к., қауымд. проф. Ш.А.Нұрмышева «Шет тілді маманның кəсіби дискурсын қазақ тілінде қалыптастыру əдістері», ф.ғ.к., қауымд. проф. Б.Қ.Аққожина «Ойын арқылы сөйлеу əрекетін дамыту», п.ғ.м. М.Н.Кульманова «Тілді əн арқылы үйретудің жолдары»,  ф.ғ.к., доцент Ж.Қ.Дәркенбаева «Тұрақты сөз тіркестерін меңгерту арқылы сөйлеу əрекетін жетілдірудің тəсілдері» тақырыбында  өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, сабақтың жандауына ат салысып отырды. Оқытушылардың ұсынған тапсырмалары семинарға қатысушылардың қызығушылығын оятты. Оны осы семинарға қатысушылардың онлайн-чат арқылы жолдаған оң пікірлерінен байқауға болады. Сонымен бірге қатысушылар тарапынан «кәсіби қазақ тілінен оқулық шығарылып, республика көлемінде таратылсын» деген  ұсыныс айтылды.

Семинар соңында сессия модераторы   Омарбекова Гүлнара ханым бүгінгі күннің спикерлеріне алғыс айтып, шексіз ризашылығын білдірді.

Печать