Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған «Араб тілін оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары» халықаралық семинары

20-23 ақпан аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің ғылыми оқытушылары Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ базасында алғаш рет Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін халықаралық академиялық семинар өткізді. Атап айтқанда, семинар спикерлері Король Салман атындағы Араб тілі халықаралық академиясының Орталықтар мен бағдарламаларды басқару бөлімінің меңгерушісі, профессор Әл-Мидуах Али Ахмед; Король Сауд университетінің зерттеу және сынақ орталықтарының жетекшісі, профессор Аддамех Халед Абдулазиз және Сауд Король университетінің оқытушысы Аль-Сарами Абдулрахман Саад мырза.

Семинардың бірінші күні Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ ректоры Құнанбаева Сәлима Сағиқызымен ресми кездесу өтіп, онда біздің университет пен Сауд Арабиясы Корольдігінің мемлекеттік университеттері арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Семинарға Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының, колледждер мен лицейлердің араб тілі пәні мұғалімдері қатысты. Тренингті аяқтағаннан кейін семинарға қатысушыларға халықаралық сертификаттар берілді. Семинар спикерлері, Сауд Арабиясы Корольдігінен келген қонақтар басқарма төрайымы Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ ректоры С.С. Құнанбаеваның атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Кездесуді Шығыстану факультеті, оның ішінде Шығыс тілдерінің аудармасы және Шығыс филологиясы кафедралары ұйымдастырды. Шығыстану факультетінің араб тілі секциясының оқытушы-профессорлар құрамының ұйымшылдығы мен атсалысқаны үшін ерекше алғысымызды білдіреміз.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 4. САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Печать