Осы жылдың ақпанының жиырма төртінші жұлдызында Халықаралық құқық және экономика факультетінің«Халықаралық бизнес», «Менеджмент және маркетинг», «Халықаралық құқық» және «Юриспрудеция» мамандықтары бойынша 1-курс студенттері өздерінің топ жетекшілерімен, атап айтқанда кәсіби шетел тілі кафедрасының оқытушылары: Г.С.Нурбекова, Қ.Т.Тулешова, Е.Н.Теңізбаевтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына барып қайтты.
Мұражайға барудың басты мақсаты студенттердің ой-өрістерін, танымдық қабілеттерін арттыру болды, сонымен бірге туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдап дамыту және де студенттердің бойында ата-бабаларына деген құрметін және өзінің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру болды.
Мұражайдың жеті залының алтауын тамашалауға мұражай әкімшілігі рұқсатын берді.
- Бірінші зал палеонтология және археология кешендерінен тұрады. Студенттер палеонтология бөлімінде республикамыздың 300 ден астам орындарынан табылған артефактілер: қомақты остеологиялық материалдар, культтік ғимараттар, «Алтын адамның» ғұрыптық киімі, қару жарақтарын тамашалады.
- Екінші залда дәстүрлі қазақ мәдениетіне,тұрмысы мен шаруашылығына қатысты заттар, киіз, кілем жасау үлгілірі, ұлттық үлгіде жабдықталған киіз үй, әр түрлі жауынгерлік сауыттар орын тапқан.
- Үшінші залда Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың тарихы мен этнографиясын паш ететін экспозициялық бөлімдер орналастырылған.
- Төртінші залда Қазақстанның егемендік алған 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихты қамтитын тарихи ақпараттар, мемлекеттік рәміздер: әнұран,елтаңба,ту және Конституция орналасқан.
- Бесінші залда еліміздің аймақтарынан табылған археологиялық қазба байлықтары: алтын бұйымдардың түпнұсқалары т.б.мәдени ескерткіштер орналасқан.
- Алтыншы залда антропология музейі: адамзаттың қалыптасуын бейнелейтін оқиғалар бейнеленген экспозиция адамның даму үрдісін, жер бетіне таралу тарихын көрсетеді.
Студенттер мұражайды 2 сағат аралап тамаша көңіл күйде болды. Мұражайдан шыққан кезде барлығы мұражайды аралатқантоп жетекшілеріне алғыстарын жеткізіп, алған әсерлерімен бөлісті.