5-ШІ КОРЕЙТАНУ АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫ ҚОНАҚ ДӘРІСТЕРІ

6 желтоқсан және 8 желтоқсанда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 5-ші Корейтану апталығы аясында шығыстану факультетінің корей бөлімінің 1-4 курс студенттеріне онлайн-форматта қонақ дәрістері өткізілді.

6 желтоқсанда Назарбаев Университетінің профессоры Ко Хо Юн «Оңтүстік және Солтүстік Кореяның саяси жүйелерін салыстыру» тақырыбында дәріс оқыды. Профессор бір кездері біртұтас мемлекеттің екіге бөлінуіне дейінгі екі Корея арасындағы қазіргі жағдайы туралы егжей-тегжейлі айтып, саяси жүйелердегі үлкен айырмашылықтарына тоқталды. Дәріскер қозғаған тақырып шығыстану факультетінің үш білім беру бағдарламаларының корейтанушы студенттері үшін өте қызықты болды. Көптеген сұрақтар қойылып, тыңдаушылар дәріскерден мазмұнды да толық жауаптар алды. Дәріске шығыстану факультетінің 50-ден астам студенті қатысты. Дәріс өте мазмұнды және танымдық болды.

8 желтоқсанда 5-ші Корейтану апталығы аясында шығыстану факультетінің студенттеріне арналған «Орталық Азиядағы корей тілін дамыту және оқыту келешегі» тақырыбында Орталық Азиядағы Корей институтының (Бішкек қ., Қырғызстан) профессоры Пэк Тхехён қонақ дәрісін оқыды.

Дәрісте студенттер Орталық Азия елдерінде корей тілін оқытудың тарихы, тілдің қаншалықты сұранысқа ие екендігі, Орталық Азияда корей тілін оқытудың келешегі, қандай мәселелер тұрғаны және дәріскердің ойы бойынша оларды шешудің жолдары туралы біле алды. Дәріс соңында студенттер профессор Пэк Тхехёнға өздерін қызықтыратын сұрақтарын қоя алды, ал дәріскер корей тілін үйренуге қатысты барлық сұрақтарына қуана жауап беріп, студенттерге пайдалы ұсыныстар берді.

Бұл екі онлайн дәріс Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де сәтті өткізілген 5-ші Корейтану апталығының дәрістер топтамасының қорытындысы болды.

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 4. САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Печать