ЖЫЛ СОҢЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК

Жаңа жыл алдында Абылай хан атындағы ХҚжӘТУ-дің қазақ филологиясы кафедрасы жақсы хабармен сүйіншіленді. Abai University Н.Келімбетов атындығы Түркітану Орталығында ҚР ҰҒА корр. мүшесі Байынқол Қалиұлы, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, ф.ғ.д,. профессор Жансейіт Түймабев, ф.ғ.д,. профессор Сәбира Исақованың бірлескен авторлығымен жазылған «Мұқағали тілінің сөздігі» монографиясы  Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағалауымен гумантитарлық саладағы үздік ғылыми зерттеу еңбегі ретінде Ш.Уалиханов сыйлығына ие болды. Аталған іргелі еңбек тауға қарап өскен тау баласы, асқақ тұлғалы ақиық Мұқағали ақынның сырға толы шығармаларында қолданылған сөздер құдіретін ғылыми айшықтайды.

Қазақ әдебиеті мен қазақ тіл білімі үшін шексіз үлес қосатын «Мұқағали тілі сөздігінің» авторларының бірі, Абылай хан атындағы ХазХҚжӘТУ-нің қазақ филологиясы кафедрасында ширек ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан ғажайып ұстаз, профессор Байынқол Қалиұлы «...Сөздік жасаудың нәтижесінде Мұқағали өз шығармаларында 13.348 сөз, 5.035 тұрақты тіркес қолданып, оларды 21.453 мағынада жұмсағандығы анықталды. Олардың қандай-қандай сөз, қандай-қандай тұрақты тіркес, қандай-қандай мағыналар екендіктерін оқырман қауым өздері-ақ сөздіктен тауып ала алады. Бұл тұрғыдан біз өз міндетімізді абыроймен орындап шықтық. Ендігі кезек – кейінгі ұрпақ жастардікі. Олар осы сөздікті пайдалана отырып, Мұқағали тілінің байлығын көркемдік тұрғыдан жан-жақты зерттеп шығуларына болады» деген еді. Ғалымның бұл пікірі атаулы еңбектің өміршеңдігін, тіл ғылымында болашақта автор бейнесі, концепт, дүниетаным бағытында ізденуші жас зерттеушілер үшін замануи шамшырақ болатынын айқын аңғартады.

Келер жылы 85 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған белгілі тілші-ғалым, білікті ұстаз, нар азамат, сыйлы ата, қадірменді ақсақал Байынқол Қалиұлы ағамызды  жаңа жыл алдында алған жоғары деңгейдегі марапатымен кафедра атынан шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, тың идеялар мен шығармашылық табыс тілейміз!

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 4. САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Печать