Бөлекбаев оқулары: ұлағатты ұстаз тағылымы

2024 жылдың 26 қаңтарында Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Шығыстану факультеті Шығыстану кафедрасының ұйымдастыруымен  Бөлекбаев оқулары аясында «Шығыс өркениеті: Тарих. Мәдениет. Тіл» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор Бөлекбаев Сағади Байұзақұлы есімін еске алу және оның ғылыми мұрасына тағзым ету мақсатында өткізілген бұл шара Қазақстан Республикасы көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шара мақсаты – Шығыстану ғылымының өзекті мәселелерін, Шығыс елдерінің қазіргі тарих, экономика, саясат, тіл саласындағы мәселелерін қарастыру және жас ұрпаққа ғалым Бөлекбаев Сағади Байұзақұлының ғылымға қосқан үлесі, тұлғалық қасиеттерін паш ету.

Белгілі ғалым, педагог, қоғам қайраткері, саяси ғылымдар Академиясының академигі, заң ғылымдары Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Бөлекбаев Сағади Байұзақұлы көзі тірісінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұлттық сарапшысы, бұрынғы Қазақстан халықтары Ассамблеясының кеңесшісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитетінің сарапшылық кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі, Философия және саясаттану институтының ғылыми жобалар жөніндегі сарапшысы, «Мәдениеттер диалогы» ақпараттық-сараптамалық журналының бас редакторы, Ресейдің «СОТИС» федералды ғылыми-практикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі т.б. қызметтер атқарған. Ғалымның мақалалары Польша, Нидерланды, Ресей, Украина, Молдова, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан секілді елдерде жарияланған.

Дөңгелек үстелді университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, профессор М.У. Успанова ашты. Өзінің алғы сөзінде ол профессор С.Б. Бөлекбаев мұрасының бірегейлігін, оның тұлға ретіндегі мейірбандық пен зерделіліктің таңғажайып үйлесімін ерекше атап өтті. Алқалы жиынды модератор ретінде филос.ғ.д., профессор Д.С. Раев жүргізді. Шығыстану факультетінің деканы, саяси ғ.к., профессор Э.М. Кагазбаева өзінің алғы сөзінде ғалым С.Б. Бөлекбаевтың тұлға әрі ғалым ретіндегі үлесін атап өтіп, аталмыш шараның отандық ғылым мен білімнің дамуындағы маңызын айқындап берді. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер және профессор С.Б. Бөлекбаевтың отбасы мүшелері қатысты.

Филос.ғ.д., Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның профессоры А.Б. Наурзбаева, филос.ғ.д., Философия, саясаттану және дінтану институты, Философия орталығының директоры, профессор С.Е. Нұрмұратов, филос.ғ.д., мәдениеттанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, мәдениеттану және дінтану кафедрасының профессоры З.Н. Исмагамбетова, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, доцент, Қонаев колледжінің директоры Р.Ч. Булекбаева және т.б. отандық ғалымдар профессор С.Б. Бөлекбаевтың ғылыми-педагогикалық жолы мен ғылыми мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті. Дөңгелек үстел жұмысына онлайн форматта қатысқан Қазақстан-Неміс университетінің доценті, филос.ғ.к. Г.Х. Мямешева Сағади Байұзақұлының түркі өркениетінің әлемдік мәдениетте алатын орны мен рөліне заманауи көзқарас тұрғысынан баға берген ғылыми еңбектеріне тоқталып, тұшымды баяндама жасады. ҚазХҚжӘТУ ғалымдары з.ғ.к., доцент Булекбаева Разия Удербаевна, с.ғ.к., проф. К.Ч. Байсултанова жақын досы, әріптесі туралы естеліктерімен бөліссе, ал т.ғ.к., доцент Ж.О. Есеркепова, PhD докторы Д.К. Сайкенева т.б. өз баяндамаларын түркі дүниесі және осы саладағы профессор С.Б. Бөлекбаевтың кең ғылыми қызығушылықтарына арнады.

Дөңгелек үстел соңында профессор С.Б. Бөлекбаевтың т.ғ.к., доцент Омарова М.А. сынды әріптестері, Бақтыбекова Б. секілді шәкірттері мен отбасы өз естеліктерінде аяулы әке, ғалым, ғибратты ұстазы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ал дөңгелек үстелге қатысқан студенттер, магистранттар, жас ғалымдар профессор С.Б. Бөлекбаев ғылымда алар орны және Шығыстану ғылымының өзекті мәселелерімен танысты.

Сонымен қатар дөңгелек үстел аясында профессор С.Б. Бөлекбаевтың кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ғалымның кітаптары, ғылыми еңбектері мен марапаттары ұсынылды.

Республикалық дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, профессор Д.С. Раев Бөлекбаев Сағади Байұзақұлының ғылыми мұрасын зерттеуді жалғастырудың, шығыс өркениетінің ашылмаған сырларын кешенді түрде зерттеудің маңыздылығын атай отырып, шараға қатысушыларға алғысын білдірді. Республикамызда тұңғыш өткізілген Бөлекбаев оқулары өз мақсатына жетіп, жоғары деңгейде өтті деуге негіз бар.

 

М.А. Омарова, Ж.О.  Есеркепова

Tags: Тұрақты даму мақсаттары, МАҚСАТ 1. КЕДЕЙЛІКТІ ЖОЮ, МАҚСАТ 5. ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

Печать