Алматы, 2024 жылдың 29 қараша – 3 желтоқсан – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Корейтану орталығы 6-шы Корейтану апталығын сәтті өткізді. Іс-шара аясында корейтану бойынша 14-ші Орталық Азия олимпиадасы және ТМД елдерінің жас корейтанушы- зерттеушілерінің 9-ші конференциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Корея тарихына, қоғамының дамуына, экономикалық аспектілеріне, екі Корея арасындағы қарым-қатынастарға, корейлердің Ресей Қиыр Шығысына көшу тарихына және олардың тағдырына, сондай-ақ корей компанияларына жұмысқа орналасу тақырыбына арналған қонақ дәрістер өткізілді.
2024 жылдың 28 қарашасында қонақ дәрістер сериясы Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенттеріне Ресейдегі және ТМД-дағы LG Electronics өкілдігінің басшысы Ёнг Нам Ро мырзаның дәрісімен басталды. Ол Корея тарихы, Жібек жолы дәуірінен бастап Корея мен Орталық Азия арасындағы әлеуметтік-мәдени және экономикалық байланыстар және «K-Silk Road» бастамасының жаңа ынтымақтастық бағыттары туралы баяндады. Дәріс барысында әртүрлі елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. Дәріс сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, студенттер өз пікірлерін бөлісуге және қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
2024 жылдың 29 қарашасында ашылу рәсімінен кейін Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Пак Нэ Чхон «Кореяның тарихы мен дамуы. Екі Корея арасындағы қарым-қатынастар және Оңтүстік Корея үкіметінің Солтүстік Кореяға қатысты саясаты» тақырыбында дәріс оқыды. Ол Корея түбегінің негізгі тарихи кезеңдері, соның ішінде ең қиын кездері мен Корея Республикасының өркендеу дәуірі, оның қарқынды экономикалық өсуі мен даму болашағы туралы баяндады.
Сол күні Чунан университетінің проректоры У Су Хан мырза «Корея Республикасының экономикасы және логистикасы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол Корея экономикасының қазіргі дамуы және бұл үдерістегі логистиканың рөлі туралы баяндап, ұйымдастырушылық-басқарушылық және өндірістік-технологиялық аспектілерге назар аударды.
2024 жылдың 2 желтоқсанында шығыстану факультетінің студенттеріне «19-20 ғасырлардағы әлемдік жағдай мен корей диаспорасының пайда болуы» тақырыбында дәріс оқыған Алматыдағы Корея Республикасының Елшілігі жанындағы Корея Білім беру орталығының директоры Ким Хон Хван мырза Ресей империясында және кейінірек Орталық Азия елдерінде корей диаспорасының пайда болу тарихы туралы баяндады. Ол корейлердің Корей түбегінен Ресей Қиыр Шығысына қоныс аударуына себеп болған оқиғаларға жан-жақты тоқталды.
2024 жылдың 3 желтоқсанында 6-шы Корейтану апталығы аясында «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ өкілі Чон Бёнг Гю мырза «Корей компанияларына жұмысқа орналасу» тақырыбында қорытынды дәріс оқыды. Ол дәрістің алғашқы бөлімінде «Шинхан Банктің» Қазақстандағы қызметі туралы, сондай-ақ ірі корей банктерінде жұмысқа орналасу жолы туралы айтты. Тәжірибесінен мысалдар келтіріп, студенттерді «Қалай корей компаниясына жұмысқа орналасуға болады?» деген дәрістің негізгі сұрағына жетеледі. Бұл дәріс өз болашағын корей компанияларымен байланыстырғысы келетін студенттер арасында қызығушылық тудырды.
Қорытындылай келе, 6-шы Корейтану апталығы іс-шара қатысушыларына біліммен, тәжірибемен және жаңа идеялармен алмасу мүмкіндігін берді деп сеніммен айтуға болады. 6-шы апталық аясында ұйымдастырылған барлық іс-шаралар Корея туралы білімді тереңдетуге, кәсіби дағдыларды дамытуға, желілік өзара әрекеттестікті, мәдени алмасуды және кореятануды қолдауға бағытталды. Әсіресе, бұл зерттеу саласы мәдениетаралық және халықаралық байланыстар контекстінде ерекше маңызға ие.
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың Корейтану орталығы 6-шы Корейтану апталығын ұйымдастыру мен өткізуге қолдау көрсеткені үшін Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығына, Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігі жанындағы Алматыдағы Білім беру орталығына, Корея Республикасының Чунан университетіне, Қазақстандағы оңтүстіккореялық компаниялар қауымдастығына, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың корей бөлімінің Түлектер қауымдастығына, Халықаралық Корея қорына және Корея Республикасының Корейтану академиясына алғысын білдіреді.