Шығыстану факультеті халықаралық қатынастар мен дипломатия саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген түлектерінің жетістіктерін зор мақтанышпен хабарлайды.
Жұмабек Рауан Әбдіманапұлы, «Шетел филологиясы (араб тілі)» білім беру бағдарламасы бойынша Шығыстану факультетінің түлегі, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Елші болып тағайындалғанға дейін, 2024 жылдың ақпан айынан бастап, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры қызметін атқарған.
Меңілбеков Мадияр Смәділұлы да «Шетел филологиясы (араб тілі)» білім беру бағдарламасы бойынша шығыстану факультетінің түлегі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі қызметін атқарады. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.
Сондай-ақ «Шетел филологиясы (корей тілі)» білім беру бағдарламасы бойынша түлегі Айдарова Айгерім Бақытбекқызы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия-Тынық мұхиты аймағы департаментінің Шығыс Азия елдері басқармасының басшысы қызметін атқарады.
2025 жылғы 3 наурызда кәсіби қызметтегі жоғары жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұған дейін СІМ-нің Азия-Тынық мұхиты аймағы департаментінде бірінші хатшы қызметін атқарған.
Біздің түлектердің жетістіктері — кәсіби өсудің, іске адалдықтың және ел мүддесіне қызмет етудің шабыттандыратын үлгісі.