2025 жылғы 27 маусымда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде әскери кафедра түлектерінің әскери ант қабылдау салтанаты өтті. Бұл айтулы күні «әскери аудармашы» және «әскери журналист» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер Отанға адалдыққа ант берді. Әскери ант — бұл Отанға деген адалдықты, жауапкершілікті және қызмет етуге дайындықты білдіретін қасиетті рәсім.
Маңызды оқиғамен студенттерді әскери кафедраның басшылығы, оқытушылары және қонақтар құттықтап, жоғары дайындық деңгейі үшін алғыстарын білдірді. Ресми бөлімнен кейін курсанттар саптық дайындық бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, сонымен қатар шараның шарықтау сәтіне айналған әскери вальс биледі.
Бұл салтанатты рәсім тек студенттердің ғана емес, бүкіл университет ұжымының жадында қалған маңызды оқиғаға айналып, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ тек білікті мамандарды ғана емес, елінің лайықты азаматтарын тәрбиелейтін жоғары оқу орны екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.