2025 жылғы 1 шілдеде Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы, Нанкин қаласындағы жетекші баспа корпорациясы – Phoenix Publishing & Media Group делегациясы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне ресми сапармен келді.
Сапар аясында университет басшылығымен ресми кездесу өткізіліп, бірлескен оқулықтар әзірлеу және Қытайда жарық көрген қытай тілі оқулықтарының авторлық құқығын университетке беру жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды. Сол күні университетте «Phoenix» кітап сөресінің салтанатты ашылуы өтті. Білім беру кеңістігін байытатын бұл бұрыштың лентасын Phoenix Publishing & Media Group корпорациясының бас директоры Ли Чжэнцян мен университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дана Ануварбековна Кунанбаева қиып, ресми түрде ашты.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан нарығына бейімделген оқулықтарды бірлесіп дайындау, авторлық құқық пен зияткерлік меншік мәселелерін құқықтық негізде реттеу, сондай-ақ дайын оқу материалдарын Қазақстан аумағында тарату перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар университет оқытушылары автор ретінде қатысқан «Жұмыс орнындағы қытай тілі» оқулығының авторлық құқығын университетке беру және оны университет баспасынан шығару туралы да келісімге қол қойылды. Phoenix Group өкілдері өз тарапынан жаңа оқу құралдарын таныстырып, баспа саласындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға дайын екендерін білдірді.
Бұл сапар – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.