Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінен 10 қазанына дейін Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі М. Тынышпаев атындағы ALT University базасында жоғары оқу орындарының басшыларына арналған жасанды интеллектті жоғары білім мен ғылым жүйесіне енгізу тақырыбындағы біліктілікті арттыру бағдарламасын табысты жүзеге асырды.

Бағдарлама университеттердің цифрлық трансформациясы мен цифрлық жетілу деңгейін арттыруға қажетті құзыреттерді дамытуға бағытталды.
Негізгі спикерлердің қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен вице-министр Гульзат Кобенова болды. Министр өз сөзінде жасанды интеллект технологияларын енгізу ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтіп, бұл салада кадрлар даярлаудың ерекше маңыздылығын атап көрсетті.
Бағдарламаның қорытынды кезеңі 9–10 қазан күндері «Жоғары білім беру мен ғылым жүйесінде жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбындағы семинар форматында өтті. Аталған шараға еліміздің 40 жоғары оқу орнынан 100-ден астам қатысушы жиналды.

Оқыту барысында жоғары оқу орындарының басшылары білім беру мен ғылым саласында жасанды интеллектті қолданудың халықаралық және отандық тәжірибесімен, университеттерді басқарудағы ЖИ технологияларын қолданудың практикалық мысалдарымен, заманауи цифрлық маркетинг құралдарымен және ЖИ көмегімен бизнес-процестерді оңтайландыру мүмкіндіктерімен танысты.
Семинардың модераторлары:
- Жакыпова Фатима Надыровна - Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жобаларды басқару офисінің академиялық артықшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының жетекшісі;
- Жармагамбетова Меруерт Советовна - М. Тынышпаев атындағы ALT University президент-ректоры;
- Алшанов Рахман Алшанович - Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті.

Спикерлер қатарында Microsoft, Yandex Qazaqstan, EDUTech Future (Сингапур), UNICEF сияқты жетекші технологиялық компаниялардың өкілдері мен цифрлық технологиялар және білім беру саласының сарапшылары болды. Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектті енгізу бойынша практикалық use-case жобаларын әзірлеп, өз ұйымдарының қызметін цифрландыруға арналған дайын шешімдерді ұсынды.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті атынан іс-шараға ректордың міндетін атқарушы Дана Ануварбековна Кунанбаева, оқу ісі жөніндегі проректор Асель Тураровна Чакликова және нормативтік-бақылау басқармасының бастығы Светлана Закиевна Темиргалиева қатысты.
Семинар барысында айтылған басты ой - жақын болашақта жасанды интеллектті қолданбайтын адам интернетті пайдаланбайтын адаммен тең болады деген тұжырым болды.
Семинар мазмұндылығының жоғары деңгейімен, өзектілігімен және практикалық бағыттылығымен ерекшеленді. Ол жоғары оқу орындарының басшыларына оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу қызметіне жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу міндетін айқындады.
.png)






















