2025 жылғы 23 қазанда Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына 35 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті. Іс-шара Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы және Алматы қаласының Қазақстан Халқы Ассамблеясы Жас ғалымдар кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Конференцияға халықаралық ұйымдардың басшылары, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген медиаторлар, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, халықаралық қатынастар, құқық және бизнес факультетінің студенттері, магистранттар мен докторанттар, БАҚ өкілдері және медиация саласының сарапшылары қатысты.
Құрметті қонақтар қатарында:
- Якуп Эрикель (Түркия) - Түркі әлемі қауымдастығының президенті, адвокат;
- Шамшиев Авазбек (Қырғызстан) - Қырғызстан медиаторларының республикалық қауымдастығы медиаторлар кеңесінің мүшесі, Ош қаласының Ұлттық медиация орталығы филиалының директоры;
- Кимсанов Диербек Маъмужон углы (Өзбекстан) - медиатор, адвокат, арбитр, Ташкент медиация орталығының директоры, Орталық Азия медиаторлар консорциумының тең төрағасы, түркітілдес елдерінің медиаторлар қауымдастығының мүшесі;
- Жакупов Жандильда Ажигалиевич (Қазақстан) - Алматы қаласы этномедиация кеңесінің төрағасы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ президенті, Дүниежүзілік түркі медиаторлар қауымдастығының вице-президенті, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» бас директоры.

Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі - университет жанынан Халықаралық медиация студенттік клубының ашылуы болды. Жаңа клуб халықаралық қатынастар, құқық және бизнес факультеті базасында болашақ медиаторларды тәжірибелік тұрғыда даярлайтын орталыққа айналады. Оның аясында түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары, білім беру семинарлары мен халықаралық алмасулар өткізу жоспарлануда.
Конференция барысында медиация тәжірибесімен алмасу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және білім беру мен қоғамдық ортада диалог мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар жастардың бейбіт жолмен дауларды шешу процесіне белсенді қатысуының және халықаралық серіктестіктердің рөлін ерекше атап өтті.
Конференция диалог пен ынтымақтастықтың маңызды алаңы болып, университеттің халықаралық білім және қоғам кеңістігіндегі беделін нығайтты.
.png)






















