2025 жылғы 14 қарашада Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде профессор Бахыт Жатканбаевна Шпикбаеваның «Моя жизнь как казахской женщины: к жажде знаний» («Менің өмірім - қазақ әйелі ретінде: білімге деген құштарлыққа қарай») атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараға оқытушылар, студенттер, қонақтар, сондай-ақ кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен Австрия Республикасының өкілдері қатысты.

Профессор Б.Ж. Шпикбаеваның кітабы XX ғасырдың маңызды тарихи кезеңдері – 1920-1930 жылдардағы ашаршылық, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру - аясында автордың отбасы тағдырын баяндайды. Автордың жеке өмірлік тәжірибесі арқылы оқырман қазақ халқының тарихы мен мәдени ерекшеліктерін терең ұғынады.
Кітаптың негізгі идеясы неміс жазушысы әрі ақыны И.В. Гетенің әйгілі сөзімен берілген: «Өмір мен бостандыққа үшін күн сайын күрескен адам - өмір мен бостандыққа лайықты». Бұл ой үздіксіз даму, қиындықтарды еңсеру және өзін-өзі жетілдіру идеясын бейнелейді. Автор үшін білімге құштарлық, өзін-өзі жүзеге асыруға талпыныс пен өмірлік кедергілерді жеңу - мақсат қана емес, өмірінің мәні болды.

Профессор Б.Ж. Шпикбаева Қазақстан мен Австрия арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған халықаралық бағдарламаларға қатысқан кәсіби тәжірибесімен де бөліседі. Осы еңбектері үшін ол Австрия Республикасының «Ғылым мен мәдениеттегі еңбегі үшін Құрмет кресті» орденімен марапатталған.
Кітап неміс тілінде жазылып, Австрияның Еуропалық және халықаралық қатынастар жөніндегі Федералдық министрлігінің қолдауымен жарық көрді. Ол шетелдік оқырманды қазақ халқының тарихы, мәдениеті және қазақ әйелінің өмірімен таныстырып, өз дәуірінің құнды көрінісін әрі табандылықтың, білімнің және мақсаткерліктің жарқын үлгісін ұсынады.

Тұсаукесер университеттің студенттері мен оқытушылары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды және мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетті. Бұл шара Қазақстан мен Австрия арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын табысты халықаралық серіктестіктің жарқын мысалы болды.
.png)






















