2025 жылы 18 желтоқсанда сағат 10.00-да Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Аққожина Баян Қанатқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тілін оқытуда ұлттық дүниетаным құндылықтарын интеграциялау» атты онлайн, оффлайн республикалық әдістемелік семинарға ұштасқан дөңгелек үстел өтті.

Салмақты іс-шара «ЖОО-да қазақ тілін оқытудың мазмұнының құндылықтық бағдары және коммуникативті құзыреттілікті қалыптастыру», «Әлемдік тілдерді меңгеру тәжірибесі және қазақ тілін оқыту: салыстыру, бағалау, құндылықтарды анықтау», «Академиялық жазылым дағдысын дамытудың танымдық, құндылықтық және коммуникативтік маңызы», «Қазақ тілін оқытуда адал азамат, адал еңбек құндылықтарын болашақ мамандық құзыреттілігімен байланыстыру әдістері; Коммуникативті оқыту әдісі студенттер көзімен», «Қазақ тілін оқыту бағдарламасы: тәжірибе, нәтиже, жетілдіру бағыттары» секілді замануи тақырыптарды қамтыды.

Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің Ғылым және инновация қызметі жөніндегі проректоры М.У.Успанова университет ректоры, академик С.Құнанбаеваның дөңгелек үстел иесіне арналған құттықтау сөзін жеткізіп, Құрмет грамотасын және ҚР ҒжЖБМ-нің Құрмет дипломын табыстады. Ф.ғ.д., профессор Б.Қалиевтің шәкіртіне арнаған тілек сөзі көпшіліктің көңілін елжіретті. Баян Қанатқызының өмірі мен ғылыми жолы жөнінде сыр шерткен университетіміздің профессоры, ф.ғ.д. Ж.Ж.Есеналиева жасаған презентациялық баяндама дөңгелек үстел иесін жаңа қырларынан танытты. Ф.ғ.д., профессор З.Ш.Ерназарова модераторлық еткен әрі баяндама оқыған дөңгелек үстел маңыздылығын Назарбаев университетінен арнайылап келген п.ғ.д., профессор З.С.Күзекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., қауымдаст. профессор Б.М. Айтбаева, сонау АҚШ-тан онлайн баяндама жолдаған ф.ғ.к. Қ.Тусупова, қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.м. Ғ.Ж.Тұнғатова, Л.Ж.Хамимульдиновалардың оқыған баяндамалары арттыра түсті.

Жүрекжарды құттықтауларын жолдаған Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ менеджмент және ХК факультетінің деканы ф.ғ.д. профессор МХ.Жұбанова, Шығыстану кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Г.Ж.Бүркітбай, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Жобаларды басқару институты, қазақ және орыс тілдері кафедрасының атынан шапан жапқан ф.ғ.к., профессор С.А.Оданова, ҚызҰПУ-дан Б.Қ.Аққожина жайлы ыстық ықыласын ала келген ф.ғ.к., доцент Б.М. Сұлтанова, университетіміздің роман тілдері кафедрасының оқытушысы Г.О.Шалшықбаевалардың аппақ көңілдерінен шыққан құттықтаулар дөңгелек үстел иесінің көңілін марқайтты.
Дөңгелек үстел өте жоғары деңгейде өтті, іс-шараға қатысушылар мазмұны терең ақпараттармен сусындап, мерейтойлық іс-шараны жарқын көңіл-күйде аяқтады.
.png)






















