2026 жылғы 28 сәуірде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы Oriental Fest-2026 фестивалі өтті.

Аталған іс-шара Алматы қаласы мен Алматы облысының мектеп бітіруші түлектеріне және колледж студенттеріне кәсіби бағдар беру, сондай-ақ шығыстану бағыттарын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында Шығыс елдерінің мәдени көптүрлілігін танытатын бес тақырыптық алаң ұсынылды: Қытай, Корея, Жапония, Түркия және араб әлемі. Әрбір алаң ұлттық нақышта безендіріліп, қонақтарға ұсынылған елдердің мәдениетімен, дәстүрлерімен және тілдерімен тереңірек танысуға мүмкіндік беретін интерактивті бағдарламалармен толықтырылды.

Қытай алаңында қатысушылар шай рәсіміне қатысып, каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Жапон аймағында аниме кеңістігі, ұлттық тағамдар, шай рәсімі және каллиграфия элементтері ұсынылды. Түркия алаңы ұлттық тәттілерімен, би өнерімен және фотозонасымен ерекшеленді. Араб әлеміне арналған «Baghdad Bazaar» алаңы шығыс тәттілері, хна-арт, ұлттық элементтер және музыкалық-би қойылымдарымен келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Корей алаңы да дәстүрлі түрде ең көп келуші жинаған аймақтардың бірі болды.
Фестивальдің басты бөлігі студенттердің шығармашылық концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Қатысушылар ұлттық билер, музыкалық қойылымдар мен мәдени презентациялар арқылы өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті.

Oriental Fest–2026 - мәдениетаралық диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және жастардың шығыс тілдері мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар талапкерлердің кәсіби бағдарын айқындап, Шығыстану факультетінің имиджін нығайтуға зор үлес қосады.
.png)






















