2026 жылғы 26 мамырда Ablaikhan University делегациясы Басқарма Төрағасы – Ректорының м.а. Д.А. Қунанбаеваның жетекшілігімен SDU базасында өткен «Building Trust in Higher Education» Академиялық адалдық лигасының жыл сайынғы форумына қатысты.

2026 жылы форум Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының 45-тен астам өкілдерін біріктіріп, цифрландыру және жасанды интеллектті белсенді енгізу жағдайындағы академиялық адалдықтың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Форум аясында қатысушылар үздік тәжірибелерімен алмасып, ашық, әділ және тұрақты білім беру ортасын қалыптастырудың заманауи тәсілдерін қарастырды, сондай-ақ жоғары білім беру жүйесіндегі сенімді нығайту тетіктерін талқылады.
Іс-шара бағдарламасы екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде панельдік сессия өтіп, оның барысында Академиялық адалдық лигасының мүшелері атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ ААЛ сарапшыларын марапаттау рәсімі, фотосессия және кампус-тур ұйымдастырылды.
Академиялық адалдық лигасы Кеңесінің отырысы аясында Лигаға мүшелікке өтінім берген жоғары оқу орындарының өтінімдері қарастырылды. Солардың қатарында Ablaikhan University-де болды. Кеңес қатысушыларына университеттің негізгі қызмет бағыттары, академиялық адалдықты дамытуға, адалдық мәдениетін қалыптастыруға, ашықтық, академиялық этика және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған бастамалары мен тәжірибелері таныстырылды.
Отырыс барысында Басқарма Төрағасы – Ректорының м.а. Д.А. Қунанбаева презентация жасап, Ablaikhan University-дің білім беру сапасын қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін енгізу, академиялық мәдениетті дамыту және тұрақты әрі әділ білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы тәжірибесін таныстырды.
Абылайхан университетінің форумға қатысуы еліміздің жетекші университеттерімен кәсіби ынтымақтастықты нығайтуда, академиялық адалдық қағидаттарын ілгерілетуде және озық білім беру тәжірибесін енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуде маңызды қадам болды. Мұндай бастамалар адалдық мәдениетінің одан әрі дамуына, жоғары білім жүйесіне деген сенімнің артуына, Абылайхан университетінің заманауи және жауапты оқу орны ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.
.png)






















