2026 жылғы 28 мамырда Астана қаласында өткен V Еуразиялық экономикалық форум аясында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Менеджмент және халықаралық коммуникациялар факультетінің өкілдері Г.Д. Айтбаева мен С.С. Рақымжанова «Туризм саласындағы заманауи цифрлық шешімдер: ЕАЭО елдерінің тәжірибесі» және «Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы ЕАЭО еңбек ресурстары нарығын дамыту» тақырыптарындағы панельдік сессияларға қатысты.

Панельдік сессиялар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының, сарапшылық және академиялық ортасының өкілдерін бір алаңға жинады. Қатысушылар экономиканы цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелерін, инновациялық технологияларды қызметтің әртүрлі салаларына еңгізу бағыттарын және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді дамытудың перспективаларын талқылады.
«Туризм саласындағы заманауи цифрлық шешімдер: ЕАЭО елдерінің тәжірибесі» атты сессия аясында Одаққа мүше мемлекеттердің туристік саланы цифрландыру бойынша озық тәжірибелері ұсынылды. Сарапшылар туристік қызметтердің сапасын арттыру және туристік дестинацияларды ілгерілету мақсатында ұлттық туристік платформаларды дамыту, жасанды интеллектті, үлкен деректер технологияларын және цифрлық маркетингті қолдану мәселелерін қарастырды. Талқылаудың негізгі назарында туризм саласында бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру және цифрлық экономика жағдайында мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды.

«Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы ЕАЭО еңбек ресурстары нарығын дамыту» атты панельдік сессия барысында қатысушылар еңбек нарығын трансформациялаудың заманауи үрдістерін, жұмыспен қамтудың цифрлық платформаларын дамыту, еңбекке орналастыру және кәсіби оқыту саласына электрондық сервистерді енгізу мәселелерін, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру жолдарын талқылады. Пікірталастың жеке бағыты цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау, жаңа құзыреттерді қалыптастыру және білім беру бағдарламаларын қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімдеу мәселелеріне арналды.
Аталған іс-шараларға қатысу университет өкілдеріне туризмді цифрландыру және адами ресурстарды басқару салаларындағы озық халықаралық тәжірибемен танысуға, цифрлық трансформация жағдайындағы салалардың дамуындағы өзекті сын-қатерлер мен перспективаларды талқылауға, ЕАЭО елдерінің ғылыми, сарапшылық және іскерлік қауымдастықтарының өкілдерімен кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Форум барысында алынған білім мен практикалық кейстер «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау үдерісінде, Менеджмент және халықаралық коммуникациялар факультетінің ғылыми-зерттеу қызметінде пайдаланылатын болады. Осындай деңгейдегі іс-шараларға қатысу университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, академиялық байланыстарын дамытуға және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің білім беру және ғылыми қызметіне озық халықаралық тәжірибелерді еңгізуге ықпал етеді.
.png)






















