2026 жылғы 12 маусымда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде BRI-2026 халықаралық форумы: «Қытай – Орталық Азия: Цифрлық Жібек жолы, білім беру және инновациялар» аясында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық дипломатиясы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан AP23490344 «Халықаралық қатынастардың экономикалануының үрдістері және Жаңа Қазақстанның экономикалық дипломатиясы» атты гранттық жоба аясында ұйымдастырылды.
Халықаралық дөңгелек үстелді ғылыми жобаның жетекшісі, саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Ч. Байсұлтанова ашып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми пікірталастың негізгі бағыттарын айқындады.
Іс-шараға шетелдік академиялық қауымдастық өкілдері де құттықтау сөздерін арнады. Құрметті қонақтар қатарында Италия Республикасындағы Тренто университетінің экономика және менеджмент факультетінің профессоры Бруно Даллаго, сондай-ақ Қырғыз Республикасындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің аймақтық мәселелер жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Кундузгүл Жаманчаевна Базакаева болды.

Өз баяндамаларында ғалымдар, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және шетелдік сарапшылар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жағдайындағы экономикалық дипломатияның даму үрдістерін, Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ цифрлық трансформация, жасанды интеллект, көлік байланыстылығы және өңірдегі мәдени өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Қатысушылар халықаралық ғылыми диалогтың маңыздылығын, академиялық ынтымақтастықты дамытудың және әртүрлі елдердің университеттері арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың өзектілігін атап өтті. Өңірлік даму, экономикалық дипломатия және қазіргі жағдайдағы халықаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел ғылыми идеялармен алмасудың, академиялық диалогты нығайтудың және экономикалық дипломатия саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңызды алаңына айналды.
.png)






















