2026 жылғы 8 маусымда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шығыстану факультетінің «6B02201 - Шығыстану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Д.С. Қалилаева мен Е.В. Маяков Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті ұйымдастырған «Гендерлік тәсіл контексіндегі еңбек көші-қоны мен орнықты даму арасындағы өзара байланыс» тақырыбындағы республикалық ғылыми эссе байқауында жүлделі ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Студенттер «Институционалдық сәйкессіздік: неге Еуропалық Одақтың гендерлік көші-қон саясатын Қазақстанда сол күйінде енгізу тиімсіз және гендерлік экономика саласындағы бейімделген шешімдер» атты ғылыми эссесі үшін жоғары бағаға ие болды.
Байқау жастардың ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, ғылыми диалогты дамыту, сондай-ақ студенттердің қазіргі көші-қон үдерістері, гендерлік теңдік және орнықты даму мәселелері бойынша білімін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан Erasmus+ Jean Monnet 101176925-SOLUTION-ERASMUS-JMO-2024-HEI-TCH-RSCH SOLUTION «Gender Issue in Migration: European Approach» («Көші-қондағы гендерлік мәселені шешудің еуропалық тәсілі») халықаралық жобасы аясында өткізілді.
Ғылыми жұмыстың жетекшісі - тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Абсаттаров Г.Р.
Зерттеу барысында авторлар Еуропалық Одақ пен Қазақстандағы гендерлік бағдарланған көші-қон саясатының ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасап, еуропалық тәжірибені ұлттық жағдайға тікелей көшірудің институционалдық шектеулерін анықтады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және құқықтық ерекшеліктерін ескеретін бейімделген шешімдерді ұсынды. Зерттеу нәтижелері орнықты даму, гендерлік теңдік және тиімді мемлекеттік басқару қағидаттарына негізделген көші-қон саясатының ұлттық моделін қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Бұл жетістік студенттердің ғылыми-зерттеу даярлығының жоғары деңгейін, заманауи жаһандық сын-қатерлерді сыни тұрғыдан талдай білу қабілетін және республикалық деңгейдегі ғылыми байқауларға табысты қатыса алатынын айқын дәлелдейді.
Д.С. Қалилаева мен Е.В. Маяковты лайықты жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға ғылыми-зерттеу қызметінде толағай табыс, жаңа ғылыми жетістіктер мен республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңістер тілейміз!
.png)






















