2026 жылғы 29 шілдеде Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ Басқарма Төрағасы – Ректорының м.а. Кунанбаева Дана Ануварбековна Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасы аясында университеттің 2025–2026 оқу жылындағы тәрбие және әлеуметтік жұмысының нәтижелері бойынша есеп ұсынды. Баяндаманы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан тыңдады.
![]() |
![]() |
Өз сөзінде Д.А. Кунанбаева университеттегі тәрбие саясаты білім беру үдерісімен, кураторлар қызметімен, студенттік өзін-өзі басқару органдарымен, психологиялық қызметпен, сондай-ақ ғылыми, қоғамдық және волонтерлік бастамалармен тығыз байланыста жүзеге асырылатынын атап өтті. Есепті кезеңде мемлекеттік жастар саясатын және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындаған басым бағыттарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Негізгі нәтижелер қатарында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында студенттердің құқықтық мәдениетін және конституциялық-құқықтық сауаттылығын арттыру, «Толық адам» тұжырымдамасының құндылықтарын дәріптеу, еріктілер қозғалысты дамыту, тәуелділік пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ кітап оқу мәдениеті мен академиялық адалдықты нығайту бағыттары атап өтілді. Баяндама барысында аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері ұсынылып, студенттердің жан-жақты дамуына қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында университеттің мемлекеттік органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен, қоғамдық ұйымдармен және жастар бірлестіктерімен белсенді ынтымақтастығы атап өтілді.
2026–2027 оқу жылына арналған басымдықтарға да ерекше назар аударылды. Негізгі бағыттар қатарында мемлекеттік жастар және тәрбие саясатын одан әрі іске асыру, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және студенттердің жетістіктерін кешенді бағалау құралы ретінде Интегралды GPA жүйесін кезең-кезеңімен енгізу бар.
Ұсынылған есеп AblaiKhan University-дің мемлекеттік жастар саясаты мен тәрбие жұмысын жүйелі түрде жүзеге асырып, кәсіби және қоғамдық қызметке дайын белсенді, жауапты әрі бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетті.


.png)






















