2026 жылғы 23 қыркүйекте Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде студенттік топтардың кураторлары «Алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары: негізгі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында кураторлық сағаттар өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ жастар күнделікті өмірде тап болуы мүмкін алаяқтықтың түрлі тәсілдері туралы ақпараттандыру.
Кураторлық сағаттар барысында студенттерге қазіргі кезде кең таралған алаяқтық схемалары туралы түсіндірілді. Атап айтқанда, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын тұлғалардың қоңыраулары мен хабарламалары, фишингтік сілтемелер мен жалған сайттар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды бұзу, жалған жұмыс және жылдам табыс табу туралы ұсыныстар, сондай-ақ жеке деректерді, құпиясөздер мен растау кодтарын иемденуге бағытталған әрекеттер қарастырылды.

Жеке және банктік ақпаратты қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттерге күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, құпия ақпаратты бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және кез келген ақпараттың шынайылығын ресми дереккөздер арқылы тексеру қажеттігі ескертілді.
Кездесулер аясында алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмдері мен нақты жағдайлар да талқыланды. Студенттер алаяқтық белгілерін қалай анықтауға болатынын, күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда қайда жүгіну керектігін және жеке аккаунттары мен қаржылық қаражатын қорғау үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін талқылады.

Осындай тақырыптық кураторлық сағаттарды өткізу білім алушылардың цифрлық және қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауына, сыни ойлау қабілетін дамытуға және заманауи ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етеді.
Сақ болыңыз: жеке деректеріңізді, құпиясөздеріңіз бен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз және қандай да бір әрекет жасамас бұрын ақпараттың дұрыстығын міндетті түрде тексеріңіз.
.png)






















