2026 жылғы 24 қыркүйекте қытай тілін меңгерген Шығыстану және Халықаралық қатынастар факультетінің 3-4 курс студенттерінің аймақтағы жетекші қаржы компанияларының бірі - «Altyn Bank» АҚ өкілдерімен ақпараттық кездесуі өтті.

Кездесудің ашылуында Оқу басқармасының бастығы Мергембаева Айткенже Турсагуловна сөз сөйлеп, қатысушыларды қарсы алды және шараның негізгі мақсатын жеткізді. Ол банктің халықаралық деңгейдегі орны мен мүмкіндіктерін атап өтіп, болашақта өз түйіндемелерін жіберіп, бағын сынап көргісі келетін білім алушыларға сәттілік тіледі.
Студенттер алдында «Altyn Bank» АҚ өкілі Бөлшек сауда клиенттік қызметтің басқарма бастығының орынбасары Жораев Тахир баяндама жасады. Сөз сөйлеуші банктің құрылу тарихы, халықаралық мәртебесі, акционерлік құрамы (China CITIC Bank – 50,1%, Halyk Bank – 40%, China Shuangwei – 9,9%) және цифрлық банкинг саласындағы инновациялық шешімдері туралы толық мәлімет берді. Сонымен қатар, ол байланыс орталығындағы (Call Centre) бос жұмыс орындарын, жас мамандарға қойылатын талаптарды (көптілділік, цифрлық дағдылар, стресске төзімділік), тағылымдамадан өту және мансаптық өсу мүмкіндіктерін таныстырды.

Ақпараттық кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, жұмыс кестесін оқумен ұштастыру, екі апталық тағылымдамадан кейін жұмысқа орналасу ықтималдығы, KPI көрсеткіштерінің сынақ мерзіміне әсері және тілдік талаптар (соның ішінде қытай тіліндегі сұрақтар) бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Кездесу жылы әрі іскерлік атмосферада өтті, студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және заманауи банк секторының талаптары туралы түсініктерін кеңейтуге ықпал етті.
.png)






















