2026 жылғы 24 қыркүйекте «6B02301-Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 110-топ студенттері «Мың кітап» әдебиет үйінің алаңында өткен «Stories Without Borders: Әлем оқырманын қандай әңгімелер қызықтырады?» атты кәсіби талқылауға қатысты.

Студенттердің аталған іс-шараға қатысуына топ жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жампейіс Құралай Мәйкенқызы бастамашы болды. Болашақ аудармашылардың кәсіби білімін кеңейту және оларды қазіргі әдебиет пен халықаралық баспа ісіндегі нақты үдерістермен таныстыру мақсатында топ жетекшісі студенттердің осы кәсіби кездесуге қатысуына бастамашылық етті.
Кездесудің спикерлері - қазіргі әдеби басылымның редакторы, «Ақындары құрысын» (To Hell with Poets) кітабының халықаралық басылымы мен таралымы жөніндегі менеджер Тра Мей және жазушы, аталған кітаптың авторы Бақытгүл Сәрмекова.

Кәсіби пікірталас барысында қазақстандық авторлардың халықаралық әдеби нарыққа шығу мүмкіндіктері, шетелдік баспалардың жаңа авторларды іріктеу қағидаттары, аудармашы мен әдеби агенттің рөлі, кітапты шетелдік аудиторияға таныстыру және тарату тетіктері талқыланды. Сонымен қатар спикерлер “To Hell with Poets” кітабының халықаралық басылымға дейінгі жолы туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара студенттерге кітаптың автордан оқырманға дейінгі жолын кәсіби тұрғыдан зерделеуге, көркем аударманың әдеби шығарманы халықаралық кеңістікке шығарудағы маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Болашақ аудармашылар баспа ісі, редакциялау, әдеби агенттік қызмет және халықаралық әдеби коммуникация туралы практикалық мәлімет алды.

Осындай кәсіби кездесулерге қатысу студенттердің теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастырып, олардың кәсіби дүниетанымын кеңейтеді. Бұл бастама аудармашының тілдер арасындағы ғана емес, мәдениеттер, авторлар және оқырмандар арасындағы байланысты қалыптастырушы маман екенін түсінуге ықпал етті.
.png)






















