27 қазанда сағат 10:30-да Алматы қаласында «Бейбітшілік көпірі» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға байқау жеңімпаздары, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

Байқау жастардың шығармашылық бастамаларын дамытуға және мәдени диалогті нығайтуға бағытталды. Қатысушылар бейнеролик дайындап, оны 20 қазанға дейін контент жариялауға, идеялар алмасуға және жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге арналған қазақстандық SINARSIM цифрлық платформасына жүктеуі қажет болды.
Байқау қорытындысы бойынша алты жеңімпаз анықталды. Олардың қатарында «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Сапар Аяулым бар.
Жеңімпазға марапатты Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы табыстады. Салтанатты рәсімге университеттермен жұмыс істеуге жауапты консул-атташе де қатысты.

Іс-шара танысуға, шығармашылық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ дипломатиялық және академиялық қоғамдастық өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаңға айналды.
Аяулымды лайықты жеңісімен құттықтап, жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!
.png)






















