2026 жылғы 30 қазанда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Алматы қаласының студенттік омбудсмені Аманжол Азаматұлымен кездесу өтті. Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған «Әділетті қоғам құр» ауқымды республикалық жастар жобасы аясында ұйымдастырылды.
![]() |
![]() |
Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында баяндалған идеялар мен құндылықтарды талқылауға арналды. Атап айтқанда, әділетті қоғам құру, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, азаматтық сананы дамыту және жас ұрпақтың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар әділдік, адалдық, өзара құрмет және әрбір азаматтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Әділетті қоғам қалыптастыруда жастардың белсенділігі, құқықтық нормаларды сақтауы, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі, сондай-ақ мемлекет дамуына жеке үлес қосуға деген ұмтылысы маңызды екені атап өтілді.
![]() |
![]() |
Іс-шарада студенттік омбудсмен институтының қызметіне де айрықша көңіл бөлінді. Аманжол Азаматұлы өз жұмысының негізгі бағыттары, міндеттері мен қағидаттары туралы айтып, студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесу және білім алушылар мен білім беру ұйымдары арасында сындарлы диалог орнатудың маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, ашық пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру және әрбір білім алушының өз ойын еркін білдіруіне, бастама көтеруіне әрі студенттік өмірге қатысты өзекті мәселелерді шешуге қатысуына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі сөз болды.
Кездесу барысында жастардың қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырудағы, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтудағы, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарын ілгерілетудегі рөліне ерекше мән берілді.
![]() |
![]() |
Аталған кездесу өзекті қоғамдық мәселелерді талқылауға, ашық пікір алмасуға және жас ұрпақтың қазіргі Қазақстанның дамуындағы орны мен жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды.
Ablai Khan University-де осындай іс-шаралардың өткізілуі студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруға, азаматтық белсенділігін арттыруға, әділдік, заңдылық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Университет қоғамдық өмірге белсенді араласатын, елдің тұрақты дамуына үлес қосуға қабілетті, азаматтық ұстанымы берік әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуді жалғастыруда.






.png)






















