2026 жылғы 3 қарашада халықаралық құқық кафедрасы «6В04201 – Құқықтану» және «6В04202 – Халықаралық құқық» білім беру бағдарламаларының 2, 3 және 4 курс студенттері үшін «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жағдайындағы медиация және медиациялық келісім» тақырыбында қонақ дәрісін ұйымдастырды. Дәріске «Postfactum Law» заң компаниясының директоры Мамбетова Нұргүл Әлиқызы және заңгер, медиатор Дмумагулова Куралай Жапашқызы қатысты.

Іс-шараның мақсаты – студенттерде медиация туралы практикалық түсінік қалыптастыру. Медиация адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігі және қоғамдық диалогты дамыту сияқты конституциялық құндылықтарға негізделген, жанжалдарды реттеудің тиімді құқықтық тетігі болып табылады.
Қонақ дәрісі барысында шақырылған мамандар медиацияның мәні мен құқықтық табиғатын, оның негізгі принциптерін, соның ішінде ерікті болуын, тараптардың теңдігін және құпиялылығын ашып түсіндірді. Медиацияның конституциялық негіздеріне, оның азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудегі рөліне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі дамып келе жатқан жағдайда келісімге келтіру рәсімдерінің маңызына ерекше назар аударылды.
Дәріскерлер медиацияны қолдану салаларын, оның ішінде азаматтық, отбасылық, еңбек, әкімшілік және жекелеген қылмыстық-құқықтық дауларды реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ оны атқарушылық іс жүргізу шеңберінде пайдалануды егжей-тегжейлі қарастырды.
Дәрістің жеке блогы дауларды шешудің құқықтық құралы ретіндегі медиациялық келісімге арналды. Қатысушыларға медиация туралы шарт пен дауды реттеу туралы келісім жасаудың ерекшеліктері, олардың құқықтық маңызы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ережелерін ескере отырып, сот және әкімшілік практикасында келісімге келтіру рәсімдерін қолдану тәртібі түсіндірілді.
Іс-шараның практикалық бөлімі қарыз міндеттемелерін, отбасылық жанжалдарды және кәсіпкерлік қызметтегі дауларды реттеуге байланысты жағдаяттық кейстерді қарастыруды қамтыды. Нақты мысалдар арқылы келіссөздер жүргізу және медиациялық рәсімдерді қолдану жолымен өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізу мүмкіндіктері көрсетілді.

Дәріс мазмұнды пікірталас форматында өтіп, студенттердің белсенді қызығушылығын тудырды. Білім алушылар талқылауға белсене қатысып, шақырылған мамандарға медиацияны практикада қолдану, медиациялық келісімдерді жасау мен орындау ерекшеліктері, сондай-ақ құқықтық жанжалдарды сотқа жүгінбей шешу мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды. Ашық диалог студенттерге практик заңгерлерден тікелей түсініктеме алуға, құқық қолдану практикасының өзекті мәселелерін талқылауға және қазіргі құқықтық жүйедегі медиацияның рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Қонақ дәрісін өткізу халықаралық құқық кафедрасының заң қауымдастығының өкілдерімен өзара іс-қимылын нығайтуға, студенттерді практикаға бағдарланған даярлауды кеңейтуге және болашақ заңгерлердің дауларды баламалы шешу саласындағы кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етті.
Мұндай іс-шаралар теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыру, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық жанжалдарды тиімді реттеу дағдыларын дамыту үшін маңызды.
.png)






















