2026 жылғы 4 қарашада «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ № 1 оқу ғимаратының Көк залында университет студенттерінің ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілдерімен ақпараттық кездесуі өтті.
Кездесудің ашылуында Оқу басқармасының бастығы Мергембаева Айткенже Турсагуловна сөз сөйлеп, қатысушыларды таныстырып өтті және шараның негізгі мақсатын жеткізді, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте бағын сынап көргісі келетін білім алушыларға сәттілік тіледі.
Студенттер алдында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ерлан Айзада баяндама жасады. Сөз сөйлеуші мемлекеттік қызметтегі мансаптық мүмкіндіктер туралы айтып, мансапты төменгі лауазымдардан бастап, тәжірибе жинақтай отырып, мансап сатысы бойынша біртіндеп жоғарылауға болатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан студенттер мемлекеттік академияда екі апталық курстан өте алатынын жеткізді.

Түлектерге арналған мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды: «Eqyzmet.gov.kz» ресми сайтында «Түлектерге арналған бос орындар» атты жеке бөлім ашылып, онда түлектер өз аудандары мен қалаларындағы, сондай-ақ басқа өңірлердегі бос жұмыс орындарын бірден қарай алады. Университетті бітіргеніне бір жылдан аспаған, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектер мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылданады, ал өзге түлектер конкурстық іріктеу негізінде жұмысқа орналаса алады, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің артықшылықтары мен мүмкіншіліктерімен таныстырылды.

Ақпараттық кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, мемлекеттік қызметке кіру және мансаптық өсу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
.png)






















