Латыннегізді жаңа қазақ жазуын үйренейік!

Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыру бағытында жаңа әліпбиге көшуді ұйғарған тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ алфавитін 2025  жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан бастап қолға алу қажет» - деп атап көрсеткен еді. Бүгінгі таңдағы тарихи өзгерістерге қарамастан бұл үдеріс кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.

Бұған дәлел ретінде еліміздің жоғары оқу орындарында, тіл дамыту орталықтарында жаңа әліпбиде тегін жазып-оқу курстары ашылып, белсенді жұмыс атқаруда. Бүкіл еліміз бойынша жаңа әліпбиді оқыту курстары өз жұмыстарына 2018 жылы 27 қыркүйекте Ұлттық комиссияның отырысында таныстырылған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жасалған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» Жобасын негіз етіп алуда.

Латыннегізді жаңа әліпбиімізді тегін меңгерту курстардың бірі Абылай хан атындағы Қазақ ХҚ ӘТУ-де  үстіміздегі жылдың 11-ші наурызынан бері университет оқытушыларына қызмет етуде. Курстың өн бойында жаңа әліпбиімізді үйренуші ұстаздарымызға латыннегізді жаңа таңбаларымызды жылдам үйренуге, сонымен бірге емле ережелерін тез меңгеруге лайықталған тапсырмалар берілуде. Тегін курсты ұйымдастырушылар университетіміздің қазақ филологиясы кафедрасы, дәріс беретін оқытушылар кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Исхан Б.Ж., ф.ғ.к., доцент Нұрмышева Ш.А., аға оқытушы Хамимульдинова Л.Ж.

Дәріс аптасына екі күн, дүйсенбі және бейсенбі күндері жүргізілуде.

         Латыннегізді қазақ әліпбиін тегін оқыту курсы мамыр айының соңына дейін созылмақ. Курс соңында үзбей қатысқан оқытушыларымызға 72 сағаттық сертификат беріледі деп белгіленіп отыр.

Печать