«Болашаққа бастар жол» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті

27 қараша күні 2020 жылы Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де  Тұңғыш президент күні мерекесіне орай Қазақ филологиясы кафедрасы мен Рухани жаңғыру қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа бастар жол» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты: ҚР-ң Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мемлекетін құрудағы, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тарихи рөлін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылау болатын.

Аталған шараға Рухани жаңғыру қоғамдық даму орталығының жетекшісі Б.Е. Сержанов, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі А.Т. Қоңырова, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы және Шығыстану факультетінің Шетел филологиясы мамандығында оқитын 1-курс студенттері қатысып, «Болашаққа бастар жол» деректі фильмін көріп, еркін форматта ашық алаңда қызу пікіралмасуға ұласты.  

Дөңгелек үстел жұмысы барысында қатысушы қонақтар да, студенттер де қазақ халқының басынан өткерген қиын кезеңдерін еске түсіріп, осы қиын-қыстау кезеңнен шығудың ең оңтайлы шешімін табудағы Елбасының ұстанған сарабдал саясаты туралы, Президентке деген халықтың сенімі, еліміздегі бірлік пен ынтымақтың арқасында мемлекетіміздің жетістікке жетуі, әлемге танылуы, тәуелсіз Қазақстанның кешегі жүріп өткен жолы, яғни тарихы, бүгінгі жетістігі, болашақтағы атқарар жұмыстары жайында белсенді талқылау орнап, ұрпақтар сабақтастығымен үйлескен жарасымды пікірталас болды.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар егеменді Қазақстанның аз уақытта Елбасымен қол жеткізген табыстарын мақтана жеткізіп, осы елдің саналы ұрпағы ретінде өз елімізге Тұңғыш президенттей қызмет ету керек деген тұжырыммен қимай тарқасты.

Печать