«Ыбырай Алтынсарин – ұлы педагог, қоғам қайраткері» атты Республикалық онлайн – дөңгелек үстел өтті

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің шетел тілдері педагогикалық факультеті педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен 12.05.2021ж., сағ. 11:00  Ұлы педагог, қоғам қайраткері, қазақ ұстаздарының ұстазы – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Ыбырай Алтынсарин – ұлы педагог, қоғам қайраткері» атты Республикалық онлайн – дөңгелек үстел өтті.

Онлайн дөңгелек үстел  ҚР,ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің ректоры С.С.Құнанбаеваның  Алғы сөзімен ашылды:

 

Қайырлы күн құрметті әріптестер, қонақтар!

         Бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру саласы, қазақ халқының шамшырағы атанған Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл мерейтой тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығымен және біздің университеттің 80 жылдығымен түспа-тұс келіп отыр.

         Ыбырай - қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі, дарынды жазушы, қазақ алфавитінің негізін қалаушы, жалынды публицист, көрнекті қоғам қайраткері, ең алғаш қазақ балаларына ана тілінде мектеп ашқан, қазақ ұстаздардың ұстазы. Ыбырай - қазақ балалар әдебиетінің атасы.

         Ыбырайдың тәжірибесі мен шығармашылығында сол кездегі білім беру саласындағы саясаттың білім беруді демократияландыру мен ізгілендіру, оқу мен тәрбиенің бірлігі, білімнің дамытушылық сипаты, білім мен ғылымның, өндірістің интеграциялануы, оқушыларды кәсіптік бағдарлау және т.б. ұстанымдары көрініс тапқан.

         Ыбырайдың асыл қазынаға айналған мұралары бүгінгі таңда мектеп бағдарламалары мен  оқулықтарына еніп, ана тілі, тарих, бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейінгі әдебиет сабақтарында оқытылып, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында пайдаланылып келеді.

         Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде көптеген ақын-жазушылар еңбектер жазған, педагогикалық идеялары мен көзқарастары бойынша бірқатар ғалымдар ғылыми зерттеу жұмысын жазып қорғаған.

         Ыбырайдың педагогикалық идеялары әлі де, өзінің құндылығын жойған емес, керісінше, бүгінгі білім беру мазмұнын жалпы ұлттық идеяға негіздеуде оған деген қажеттілік арта түсуде. Бұл Ыбырайдың педагогикалық идеялары мен шығармашылығының өміршеңдігін дәлелдейді.

         Құрметті әріптестер мен қонақтар мен Сіздерді ұлы ұстаздың мерей тойымен құттықтаймын және жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

 Онлайн дөңгелек үстелдің модераторы А.Х.Темірбеков атындағы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Ұзақбаева Сақыпжамал Асқарқызы дөңгелек үстелге қатысушылармен таныстырды. 

Дөңгелек үстелге республиканың жетекші университеттерінің кафедра меңгерушілері – ғылым докторлары мен кандидаттары, профессор – оқытушылары мен докторанттары, магистранттары мен студенттері, яғни, Ұлы педагогтың, білім беру саласына салған сара жолын, педагогикалық идеяларын жалғастырушы ұрпақтары қатысты. (Барлығы – 110 адам). 

Солардың ішінде бірқатар ғалымдар өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Ұзақбаева С.А. - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ПҒА академигі

«Рухани -адамгершілік – Ыбырай Алтынсарин педагогикасының негізі»

 

Жұматаева Е.– педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Педагогика Білім Академиясының (МАНПО) академигі.С.Торайғыров атындағы Павлодар университетіне қарасты Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологияларының ғылыми-практикалық орталығының директоры.

Ыбырай Алтынсарин  шығармашылығындағы ойлау өнерін өркендетудің педагогикалық  шарттары

 

Абильдина С.Қ. -  педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ПҒА академигі, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі

Ұлы даланың дара ұстазы

 

Жолдасбекова С.А. - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ПҒА академигі,М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Кәсіптік оқыту кафедрасы меңгерушісі

Ы.Алтынсариннің балаларды  қолөнерге баулу идеясы

 

Бахтиярова Г.Р. - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі

«Дәстүрлі тәрбие мәдениеті – Ыбырай Алтынсарин шығармаларының арқауы»

Сламбекова Т.С. - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының меңгерушісі

Ы.Алтынсарин еңбектеріндегі жеке тұлғаға бағдарланған технология

Асанова Ұ.О. - педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Практикалық қазақ тілі» кафедрасының профессоры

Ы. Алтынсарин және тілдерді оқыту мәселелері

Шорманова Қ.К. – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, «Ыбырай мұражайының маманы».

«Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы мұражайдың рөлі»

 Дөңгелек үстелде Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеялары, көзқарастары, бүгінгі заман талабына негізделе отырып әр қырынан ашылды, еңбектері мен шығармаларының өзектілігіне аса назар аударылды. Баяндамалар тақырыптары бірін-бірі толықтыра түседі, мазмұны өте қызықты, дәйекті материалдарға, тың идеяларға толы.

Бұл идеяларды ғылыми жұмыспен айналысып жүрген жас ғалымдар өздерінің зерттеулерінде негізге алуына болады.

Печать