«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» тақырыбында кураторлық сағат

2021 жылдың 7 желтоқсанында Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің педагогикалық факультетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнінің 30 жылдығына арналған «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері» атты іс-шара өтті. Бұл іс-шараның ұйымдастырушылары – аға оқытушылар: Кисаева Гүлназ Тұрсынбайқызы мен Саутов Фархад Юнусович.

Негізгі мақсат – патриоттық және азаматтық сезімді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерді білу, білімгерлердің тарихқа деген танымдық қызығушылығын, Қазақстан халықтарының тарихи өткеніне, бүгініне және жарқын болашағына мақтаныш сезімін дамыту. 104, 110, 117 және 119 топ студенттері белсенді қатысып, Қазақстан тәуелсіздігінің соңғы жылдарында білім, денсаулық сақтау, саясат, экономика салаларында жүргізілген жетістіктер мен реформалар туралы үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндамалар жасады. Олардың ішінде 117 топтағы «Қазақстанның заманауи мәдениеті» тақырыбында ағылшын тілінде баяндама жасаған Сағындықова Алтынай және Қадір Фаризаны ерекше атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық аренада даңқы шығып, әлемдік экономикалық және дипломатиялық жүйелер арасында өзінің лайықты орнын алды деп нық сеніммен айта аламыз.

Бірақ тарихсыз болашақ жоқ, ал Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіз егеменді ел болып қалыптасуының бастауы болды, бұл үшін біз туған жерінің бостандығы мен гүлденуі үшін жанын қиған азаматтарға мәңгілік алғыс айтамыз. Студенттер осы оқиғалардың бар азабы мен қасіретін өте терең сезініп, жеткізіп, «Қайрат Рысқұлбеков», «Сәбира» спектаклінде көрсетті, сонымен қатар 110 топтағы: Қайратқызы Аида, Сейітжан Алуа, Мейірқұл Ұлпан,  Қойшыбаева Балерке, Ізтілеу Аяжан және 119 топтағы:  Амангелді Әмина, Досан Әлия, Бектасова Аделия «Желтоқсан» туралы әсерлі патриоттық өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ студенттер ән айтып, би биледі, факультетте көптеген талантты студенттер білім алуда. Рахымжанова Севинч «Қайсар қазақ» патриоттық әнін орындап, 110 топтағы: Қойшыбаева Аяулым салтанатты іс-шараны «Мереке» әнімен аяқтады. Студенттер белсенді қатысқаны үшін жеке дәптер мен университет қалпақтарымен марапатталды.

Печать